СЕНІМ КҮШІ

09-09-2015
0

 

 

СЕНІМ  КҮШІ

Мақсаты:

·        Балаларда қарым-қатынас және эмоциялық көңіл – күйін  реттеу дағдыларын, өз-өздеріне сенімділікті дамыту,  өз денсаулығына және салауатты өмір салтының негіздеріне деген саналы қатынасты тәрбиелеу

Сабақ түрі:  тренинг

Нысаны:мектеп жанындағы сауықтыру алаңының бастауыш сынып оқушылары

Көрнекілігі:     доп,  жүрек (жұмсақ ойыншық)

 

СА Б А Қ   Б А Р Ы С Ы

І.  «Танысу» жаттығуы

Кәне, балалар, бәріміз ортаға шығайық. Бір-бірімізге қарап жымиып, допты алған адам өз атымызды  айтып, өзіміздің жақсы қасиетімізді қосып: «Бұл мен - Әсия әдепті т.с.с.» танысайық  деп қолымыздағы допты келесі балаға ұсынамыз. Допты алған бала  «Бұл мен – Санжар спортсмен т.с.с.» танысайық  деп қолындағы допты келесі балаға ұсынады

ІІ.  Негізгі бөлім

Бүгінгі  біздің сабағымыздың тақырыбы: «СЕНІМ  КҮШІ » деп аталады. Сенім деген не? Ол адамға керек пе? Неге? деген сұрақтарға қысқаша жауап алған соң келесі жаттығулар  орындалады.

 «Сезім мүшелері»

Мақсаты:зейінді дамыту, адамның сезім мүшелері туралы білімдерін толықтыру, өздеріне сенімді болуға дағдыландыру.

Барысы:Балалар шеңбер құрып тұрады, психолог балаларға адамның сезім мүшелерін атап, түрлі нұсқау береді. Балалар жауап ретінде соған сәйкес сезім мүшелеріне қолдарын тигізу керек. Мысалы, «құлақ» десе, балалар «Құлағым жақсы сөз естиді, сенемін» деп құлақтарын ұстайды. «Көз» дегенде «көзім жақсы көреді, сенемін» деп көздерін көрсетеді.  «Тіл» десе «Тілім қазақ тілін сүйеді, сенемін» дейді.  Психолог  алдымен тапсырмаларды балалармен бірлесіп орындайды, содан кейін әдейі қателер жібереді. ал балалар мұқият болып, қате жібермеуі керек.

ТҮЙІН.Балалар, сендер бұл ойынды өте жақсы орындадыңдар. Сендер өз сезім мүшелеріңе сенеді екенсіңдер. Өз құлақтарыңның жақсы сөзді жақсы еститіндігін, көздеріңнің жақсы істерді тамаша көретіндігін, тілдеріңнің қазақ тілін сүйіп, қазақша сөйлей алатындығын  дәлелдей алдыңдар. Әрдайым осылай құлақтарың, көздерің, тілдерің сендерге жақсылық жасауға көмектесетініне сенемін.

Келесі ойында сендер өздеріңнің ойлап тапқан қимыл-қозғалыстарыңды көрсетесіңдер, басқалар оны қайталайды. Сондықтан бір-біріңді дұрыс тыңдап және достарыңа сеніп, түсінуге тырысыңдар.

 «Бірге адымдайық» жаттығуы

Мақсаты:ес, зейін, тыныс алу ырғағын, басқа балалармен қарым-қатынастарын дамыту.

Барысы:Балалар шеңбер құрып тұрады. Психологтың нұсқауы бойынша келесі қозғалыстар орындалады: біз бір кемеде келе жатырмыз және барлық қимылдарды бірдей орындаймыз. Біз барлығымыз қалай тыныс алатынымызды тыңдап көрейік. Деміңізді ішке тартқанда барлығымыз бір қадам алдыға шығамыз, дем шығарғанда артқа басамыз. Ал енді демімізді ішке тартқанда екі қадам алдыға шығамыз, дем шығарғанда екі қадам артқа басамыз. Демімізді ішке тартқанда екі қадам алдыға шығамыз, дем шығарғанда үш қадам артқа басамыз.

Ал енді біздің жүрегіміздің қалай соғатынын тыңдап көрейік: дүрс - бір қадам алдыға, дүрс - бір қадам артқа, дүрс - екі қадам алдыға, дүрс - екі қадам артқа.

ТҮЙІН: Біз өз жүрегімізге сенуіміз керек. Себебі жүрегіміз алдамайды. Біз қуансақ, жүрегіміз бірге қуанады, ал біз ренжісек, жүрегіміз бірге ренжиді. Ендеше біз өзімізге сенуіміз керек. Сенім деген өте тамаша қасиет. Біз ата-аналарымызға сенеміз. Өйткені ата-аналарымыз бізге тек жақсылық қана тілейді. Олар біздің адамгершілігі мол адам болатынымызға сенеді. Біз  достарымызға сенеміз. Достарымыз бізге сенсе, онда қуанамыз. Достарымыз бізге сенбесе, біз ренжиміз. Достарымызбен бірге болған бізге ұнайды. Сондықтан достарымызбен бірге ойнаймыз, өлең айтамыз, би билейміз, сурет саламыз, бассейнге барамыз, сабақ оқимыз. Достарымыз да бізге сенеді.    Себебі сенім бізге күш береді.

ІІІ.  Образды ойлауды  пайдаланып, нәзік моториканы дамыту

Психолог: бүгінгі сабақта есте қалған ең қызықты сәттерді сурет арқылы бейнелеңдер. Бояу қарындаштарды, фломастер  пайдалануға болады. Оқушылар  салған суреттерін қалауымен презентациялайды.

ТҮЙІН: Әркім өз қиялынан салған суреттер бір-бірін қайталамайды. Бірің жүректің, бірің досыңның, бірің анаңның, бірің табиғаттың суретін салыпсыңдар. Бұл суреттер арқылы сендер достарыңа, ата-анаңа, жүрегіңе сене отырып, табиғат-ананы аялау керектігін баяндапсыңдар. Сендерге сенім артқандардың сенімін ақтау үшін  алдымен өздеріңе сеніңдер. Сенім күші бәрінен де мықты. Ол барлық жақсылықтарға жетуге жігерлендіреді.

ІV.  Рефлексия

·        Бүгінгі сабақта сендерге не ұнады?

 

 

Сабақты дайындаған:  Жезқазған қаласының №10 жалпы білім беретін орта мектебінің психологы Алиякпарова Қуаныш Ташимовна