Информатика, қазақ тілі, ағылшын тілі пәні мұғалімдеріне арналған  «Оқытудағы жаңа педагогикалық әдіс-тәсілдер»  атты республикалық оқу семинарының қорытынды ақпараты

Информатика, қазақ тілі, ағылшын тілі пәні мұғалімдеріне арналған «Оқытудағы жаңа педагогикалық әдіс-тәсілдер» атты республикалық оқу семинарының қорытынды ақпараты

10-01-2017

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы 2017 жылғы 4-7 қаңтар аралығында Алматы облысы, Қаскелең қаласында орналасқан Сүлейман Демирель Университеті базасында «Оқытудағы жаңа педагогикалық әдіс-тәсілдер» атты республикалық оқу семинарын  өткізді.

Семинардың мақсаты– мұғалімдердің кәсіби деңгейін дамытуға қолайлы жағдай жасау, мектептерде оқу-тәрбие процесін жетілдіруге, әдістемелік көмек көрсету.

Семинар бағдарламасы мына мәселелерді қамтиды: педагогтардың ақпараттық-коммуникациялық құзіреттілігін қалыптастыру, кәсіби ой-өрісін кеңейту және болашақта білім беру мазмұнын жаңарту жолында өзіндік жетілуіне мен дамуына мотивациясын арттыру, білім беруді жаңартуда ағылшын тілін ерте жастан оқыту, оқушылардың коммуникативтік қабілеттерін дамыту, ағылшын тілін оқыту мазмұнын жетілдірудің өзекті мәселелері, дарынды балалармен жұмыс жасауда  тілдік пәндердің мазмұнын жаңарту.

Семинар дәріскерлерінің құрамы Сулейман Демирель филология және педагогика ғылымдары факультетінің, инженер және жаратылыстану факультетінің информатика кафедрасының және KIMEP университетінің оқытушы-профессорлар құрамынан тұрды.

Тыңдаушылардың барлығы шебер-сыныптар мен практикалық сабақтарға белсенді қатысып, теориялық және практикалық жағынан да көптеген ақпараттар алды. Семинардың материалдары заманауи және практикалық жағынан өте  маңызды болды. 

Семинарда республикамыздың барлық өңірінен 54 педагог қатысты. Оның ішінде 10 ауылды жердің педагогтары.

Қатысушылар республикалық оқу семинарының мазмұндылығын, өзектілігін, педагогтардың кәсібилілігін бағалап, жоғары деңгейде өткенін атап өтті.

Семинардың барлық қатысушыларына сертификаттар тапсырылды.