Облыстың 200 мектебінде шахмат үйірмелері  ашылды

Облыстың 200 мектебінде шахмат үйірмелері ашылды

10-01-2017

Шахмат – балаларға жағымды эмоция, рахат сыйлайтын көнеден келе жатқан қызықты ойын түрі. Ол баланың ойлау қабілетін дамытып, ой өрісін кеңейтіп, ойлауға, мұқият болуға, есте сақтауға, салыстыруға, жалпылауға, өз қызметінің нәтижелерін алдын ала көруге үйретеді.

Павлодар облысы әкімінің бастамасымен 2017 жылғы 9 қаңтарда облыстың 200 мектебінде, оның ішінде 110 ауылдық мектепте атақты шахмат ойыншыларын, облыстың спорт ардагерлерін шақырта отырып, шахмат үйірмелері салтанатты түрде ашылған, болатын.Аталған жобаны іске асыру үшін облыстық бюджеттен 126 млн. теңге бөлінді. 

Үйірмелерді салтанатты түрде ашу шеңберінде 3121 адамнан астам оқушы қамтылған бір реттік ойын сеансы ұйымдастырылды.

Павлодар қаласының № 25 жалпы білім беру мектебіндегі шахмат үйірмесінің салтанатты ашылуына облыс әкімі Болат Жұмабекұлы Бақауов қатысты.  Сонымен қатар, халықаралық гроссмейстер, сеньориталар арасындағы 2013 жылғы әлем чемпионы Елена Анатольевна Анкудинова мектеп оқушыларымен бір реттік ойын сеансын өткізді.

Қазақстан Республикасында 2017 жылы «Мектептегі шахмат» пилоттық бағдарламасы бастау алады. 2017-2020 жылдары бағдарламаны апробациялау жоспарланған болатын. Жобаға республикамыздың 3 облысы: Алматы, Қызылорда, Павлодар қатысатын болады.

2017 жылғы қыркүйек айынан бастап Павлодар қаласы мектептерінің сегіз мектебінде және Павлодар ауданының екі мектебінде 2-сынып оқушылары үшін «Шахмат үйренейік» элективті курсын енгізу жоспарлануда. Пилотты мектептердің 2-сынып оқушылары факультатив сабақтарында шахмат әлемімен танысатын болады.

Аталған жобаға қатысу үшін Павлодар облысы кездейсоқ алынған жоқ, себебі облыста үш мыңнан астам бала шахмат ойынымен әуестенеді. Облыста жыл сайын мектеп спартакиадалары шеңберінде шахмат турнирлары өткізіледі. Жыл сайын бұл жарыстарда шахмат ойнаушы балалардың саны артуда.