ЖАРАТЫЛЫСТАНУ-МАТЕМАТИКАЛЫҚ БАҒЫТТАҒЫ ПӘНДЕР БОЙЫНША РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ОЛИМПИАДАНЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ

ЖАРАТЫЛЫСТАНУ-МАТЕМАТИКАЛЫҚ БАҒЫТТАҒЫ ПӘНДЕР БОЙЫНША РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ОЛИМПИАДАНЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ

24-03-2017

 

 

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2016 жылғы 7 қарашадағы №638 «2016-2017 оқу жылында жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданы өткізу туралы» бұйрығының негізінде13-18 наурыз аралығында Павлодар қаласында жаратылыстану-математика бағыттағы пәндер бойынша республикалық олимпиада өтті. Бұл математика, физика, химия, биология, география және информатика пәндерінен республика бойынша үздік деп танылған оқушылар арасындағы зияткерлік сайыс.

Республикалық олимпиада өз болмысы мен мазмұны тұрғысынан Президентіміздің «Зияткер ұлт - 2020» ұлттық жобасының идеясына сәйкес келеді.

Олимпиаданың мақсаты мен міндеттері ретіндеоқушылардың шығармашылық қабілетін жетілдіру, теориялық білімдерін тереңдетіп, тәжірибелік іскерліктерін шыңдау, жеке тұлғаның өзін-өзі танытуына ықпал ету, дарынды балаларды анықтауға жағдай жасау, оқушыларды халықаралық олимпиадаға іріктеу және даярлау, Қазақстан Республикасындағы білім беру жүйесінің абырой-беделін арттыру сияқты шараларды атап көрсетуге болады.

Қазақстанның құрама командасы Халықаралық олимпиадалар қорытындысы бойынша рейтингте соңғы жылдары 50 - ші орыннан 12 орынға көтерілді. Жыл сайын республика бойынша әр түрлі кезеңдерінде олимпиадаға миллионға жуық оқушы қатысады.

Жаратылыстану-математика бағытындағы пәндер бойынша 2017 жылғы республикалық олимпиадаға 763 оқушы қатысты, оның ішінде 79 айтулы халықаралық олимпиадалардың бірнеше мәрте жеңімпаздары мен жүлдегерлері де бар. Қазақстанның барлық облыстарынан, Астана және Алматы қалаларынан, республикалық білім беру мекемелерінен, «Назарбаев Зияткерлік мектебі» дербес білім беру ұйымынан, «Бөбек» Ұлттық білім беру және сауықтыру ғылыми-практикалық орталығынан шыққан оқушылардан барлығы 21 команда қатысты. Осындай балалар «Ұлттың зияткерлік көшбасшылығын», республикамыздағы білім беру жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін арттырады.

Қазылар алқасының шешімімен І дәрежелі диплом және алтын медальмен – 62; ІІ дәрежелі диплом және күміс медальмен – 107; ІІІ дәрежелі диплом және қола медальмен – 177 қатысушы марапатталды.

«Олимпиаданың ең жас қатысушысы - 2017»номинациясымен Ақмола облысынан Шарипов Амирлан, «Ең үздік ауыл оқушысы - 2017»  номинациясымен Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданы, Ақшұқыр орта мектебінің оқушысы Аменова Анель, «Ең үздік ауыл мұғалімі - 2017»номинациясымен Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданы, Ақшұқыр орта мектебінің мұғалімі Жауперова Шырынгуль Бакиевна және  «Дарвин - 2017» номинациясымен Жамбыл облысынан Тұртемір Әділет марапатталды.