ҚОҒАМДЫҚ-ГУМАНИТАРЛЫҚ БАҒЫТТАҒЫ ПӘНДЕР БОЙЫНША РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ОЛИМПИАДАНЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ

ҚОҒАМДЫҚ-ГУМАНИТАРЛЫҚ БАҒЫТТАҒЫ ПӘНДЕР БОЙЫНША РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ОЛИМПИАДАНЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ

29-03-2017

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2016 жылғы 7 қарашадағы №638 «2016-2017 оқу жылында жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданы өткізу туралы» бұйрығын орындау мақсатында 24-29 наурыз аралығында Ақтау қаласында қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндер бойынша республикалық олимпиада өтті. Бұл қазақ тілі және әдебиеті, орыс  тілі және әдебиеті, Қазақстан тарихы,  құқық негіздері, ағылшын тілі, неміс тілі, француз тілі пәндерінен республика бойынша үздік деп танылған оқушылар арасындағы зияткерлік сайыс.

Республикалық олимпиада өз болмысы мен мазмұны тұрғысынан Президентіміздің «Зияткер ұлт - 2020» ұлттық жобасының идеясына сәйкес келеді.

Олимпиаданың мақсаты мен міндеттері ретінде оқушылардың шығармашылық қабілетін жетілдіру, теориялық білімдерін тереңдетіп, тәжірибеліқ іскерліктерін шыңдау, жеке тұлғаның өзін-өзі танытуына ықпал ету, дарынды балаларды анықтауға жағдай жасау, оқушыларды халықаралық олимпиадаға іріктеу және даярлау, Қазақстан Республикасындағы білім беру жүйесінің абырой-беделін арттыру сияқты шараларды атап көрсетуге болады.

Қоғамдық-гуманитарлықбағытындағы пәндер бойынша 2017 жылғы республикалық олимпиадаға 586 оқушы қатысты.

Қазақстанның барлық облыстарынан, Астана және Алматы қалаларынан, республикалық білім беру мекемелерінен, «Назарбаев Зияткерлік мектебі» дербес білім беру ұйымынан, «Бөбек» Ұлттық білім беру және сауықтыру ғылыми-практикалық орталығынан шыққан оқушылардан барлығы 21 команда қатысты.

Олимпиада қорытындысы бойынша қазылар алқасының шешімімен жоғары ұпай жинаған оқушылар І дәрежелі диплом және алтын медальмен – 44; ІІ дәрежелі диплом және күміс медальмен – 78; ІІІ дәрежелі диплом және қола медальмен – 130 қатысушы марапатталды.

Маңғыстау облысының әкімі сыйымен және «Олимпиаданың ең жас қатысушысы - 2017» номинациясымен Алматы қаласы, «Білім Инновация» қыз балалар лицейінің 7-сынып оқушысы Вайитова Дильназ, «Ең үздік ауыл оқушысы - 2017»  номинациясымен Маңғыстау облысы, Бейнеу лицейінің оқушысы Шахаманова Лаура,  «Полиглот– 2017»  номинациясымен Маңғыстау облысы қазақ-түрік лицейінің оқушысы Ахвердиеви Эдип, «Ең үздік шығарма– 2017» номинациясымен қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен Абай атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернатының түлегі Женисова Аида және орыс тілі мен әдебиеті пәнінен Алматы қаласы, №165 лицейінің оқушысы Асылбекова Дарья, «Ең үздік ауыл мұғалімі - 2017» номинациясымен Маңғыстау облысынан қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ауданбаева Қамар Тұмашовна марапатталды.