«ДАРЫН» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ПРАКТИКАЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫ

23-02-2012

Мемлекет басқарудағы экономика, ғылым, мәдениет, өнер салаларында орын алатын қабілетті жастардың зерделілік әлеуетін дайындау – білім берудің ұлттық моделін құрудағы басым бағыттардың бірі.

“Дарынды балаларға арналған мектептерді дамыту және мемлекеттік қолдау көрсету” туралы (1996ж.) Президент Қаулысы Қазақстандағы аса қабілетті балалар және жасөспірімдермен қарқынды түрде жұмыс жүргізудің себепкері болып отыр. Осы Қаулыны жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Республикасы Өкіметінің 1998 жылғы 24 наурыздағы №256 қаулысымен Білім және ғылым министрлігі жанында жаңа ғылыми-құрылымдағы білім беру мекемесі республикада дарынды балалармен жұмыс істеу жүйесін ұйымдастыратын «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы құрылды.

«Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы қызметінің негізгі мақсаты - Қазақстан Республикасында дарынды балаларды анықтау, олардың потенциалдық әлеуетін дамытуға және іске асыруға жағдай жасау.

Міндеттері:

  • әлеуметтік-экономикалық өзгерістер жағдайында өз шығармашылық әлеуетін іске асыруға қабілетті дарынды балалар санын арттыру;
  • дарынды балаларды әлеуметтік-құқықтық жағынан қорғау және психологиялық-педагогикалық сүйемелдеуді қамтамасыз ету;
  • дарындылықты дамыту мәселесі бойынша педагогикалық және басшы қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыру үшін жағдай туғызу;
  • дарынды балалар мен талантты жастарға білім беру кеңістігінде халықаралық ынтымақтастықты дамыту;
  • дарынды балалармен жұмыс бағыттарын бұқаралық ақпараттар құралдары арқылы кеңінен тарату жүйесін жетілдіру.