Көптілді білім беру

19-07-2012

 

Үш тілде оқытуды енгізу

2007-2008 оқу жылынан бастап Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2007 жылы 7 тамыздағы №387 бұйрығының негізінде әлемдік стандарт деңгейінде сапалы білім берудің негізгі бағыттарын анықтау үшін 31 мамандандырылған дараынды балаларға арналған мектептерде үш тілде оқытуды енгізу бойынша жаңа білім жобасы іске асырыла бастады.

Қазақ-түрік лицейлерінде, Қарағанды облыстық «Мұрагер» дарынды балаларға арналған мектеп-интернатында, «Мирас» халықаралық мектебінде көптілде оқыту тәжірибесі оң нәтиже бергенін ескере отырып, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі облыстық, Астана және Алматы қалаларының білім басқармалары ұсынған мектептерде үш тілде оқытуды 7-сыныптан бастап сатылап енгізу туралы шешім қабылдады.

Бұл жобаны жүзеге асыруда барлық мектептердің үш тілде оқытуға біртіндеп көшірілуі және жыл сайын сыныптардың көбеюі көзделеді. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің бұйрығына сәйкес облыстық, Астана және Алматы қалаларының білім департаменттеріне мамандандырылған мектептердің 7-сыныбынан бастап жалпы білім беретін пәндердің үш тілде оқытылуын ұйымдастыру тапсырылды, жаратылыстану-математика циклінің бір немесе бірнеше пәндерін ағылшын тілінде; қазақ тілді мектептердің оқу бағдарламасы бойынша орыс тілді мектептерде қазақ тілі мен әдебиетін, Қазақстан тарихын – қазақ тілінде; орыс тілді мектептердің оқу бағдарламасы бойынша қазақ тілді мектептерде орыс тілі мен әдебиетін – орыс тілінде.

Үш тілде оқытуды енгізу ісшараларының жоспарына сәйкес «Дарын» РҒПО жоғарыда көрсетілген мектептің басшылары мен пән мұғалімдеріне бірнеше рет оқу-әдістемелік семинарлар, ғылыми-практикалық конференциялар өткізді, сонымен қатар оқу жылының қорытындысы бойынша мониторинг жасалды.

Жоғарыда көрсетілген сыныптардың білім беру қызметіне жүргізілген талдау – бұл жобаның жүзеге асырылуы орынды екендігін көрсетеді.

Мектептердің педагогикалық ұжымдары бірінші кезеңде туындаған кейбір қиыншылықтарға қарамастан, қазіргі жағдайда көптілде білім беруді іске асыру аса маңызды және қажетті екендігіне күмән келтірмейді.

Үш тілде оқытатын мамандандырылған мектептерде жыл сайын оқу жылының қорытындысы бойынша жасалатын білім беру моноторингі балаларға көптілде білім берудің өзектілігі мен қажеттілігін растайды.