новости
04-06-2019

XII республикалық «Бастау» математикалық турнирі

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы 2019 жылғы 9-12 маусым күндері аралығында Алматы қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектеп базасында 2-4 сынып оқушылары арасында «Бастау» XІІ республикалық математикалық турнирінөткізеді (бұдан әрі - Турнир).

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының Қоры турнирге қолдау көрсетіп, барлық қатысушыларға үш тілдегі қызықты керемет кітаптар сыйлайды және турнирдің жеңімпаздары мен жүлдегерлерлеріне сыйлық сертификаттарын табыс етеді.

Математикалық турнир бұл - математикалық білімді мектепте одан әрі жетілдіру және кіші буын мектеп оқушыларының осы пәнге деген қызығушылығын арттырудағы жүйелі жұмыстарының бірі болып табылады.

Турнирдің басты мақсаты –  бастауыш мектеп оқушылары арасында математикаға ерекше қабілетті дарынды балаларды анықтау, дамыту және оларға қолдау көрсету, математикадан оқушылардың білімін тереңдету және кеңейту.

Турнирге Қазақстанның барлық облыстарынан, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларынан және «Назарбаев Зияткерлік мектептерінен», республикалық физика-математикалық мектептерінен, сондай-ақ жеке білім ұйымдарының республикалық қауымдастық мектептерінен 2-4-сынып оқушылары қатысады.

Барлығы 150 оқушы мен 56 жетекші-мұғалім қатысады деп күтілуде.

Турнир командалық сайыс түрінде 2 кезеңде өткізіледі: 1 кезең – аймақтық, 2 кезең – республикалық.

Турнирдің республикалық кезеңі 3 тур бойынша өткізіледі:

1 тур – «Әу, баста» (командалық есеп);

2 тур – «Асық» (командалық есеп);

3 тур – «Математикалық бәйге» (ауызша жеке есеп).

Турнирдің тапсырмалары математикалық логикаға негізделеді, олар дұрыс талқылауды, дұрыс ойлауды және дұрыс шешім қабылдауды үйретеді.

Қатысушыларды турдан бөлек танымдық-ойын-сауық бағдарламасы күтуде. Оқушылар "EVRIKUM" интерактивтік-ойын-сауық  орталығын тамашалайды.

Бастауыш мектептің жетекші - мұғалімдері үшін арнайы «Бастауыш сынып оқушыларын әртүрлі стандартты емес математикалық есептерді шешуге оқыту әдістемесі» атты семинар ұйымдастырылады.

Командалық және жеке сынақтар бойынша турнирдің жеңімпаздары мен жүлдегерлері І, ІІ, ІІІ дәрежелі  "Дарын" РҒПО  дипломдарымен марапатталады. Ең жоғары ұпай санын жинаған жеңімпаз-команда турнир Кубогымен және Бас-жүлдемен марапатталады.

Турнирдің ашылу салтанаты – ағымдағы жылдың 10 маусым күні сағат 10.00-де Назарбаев Зияткерлік мектебінің акт залында өткізіледі (Мекен-жайы: Алматы қаласы, Наурызбай ауд., Калкаман-2 ы/а, Елібаев көшесі, 2.).

Турнирдің жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау  рәсімі – а.ж. 12 маусым күні сағат 17.00-де Назарбаев Зияткерлік мектебінің акт залында  өткізіледі (Мекен-жайы: Алматы қаласы, Наурызбай ауд., Калкаман-2 ы/а, Елібаев көшесі, 2).

Қосымша ақпарат алу үшін мына мекенжай бойынша хабарласуға болады: Нұр-Сұлтан қаласы, Республика даңғылы, 34 а «Дарын» РҒПО,  оф.709а.

Байланыс телефоны: 8 (7172) 29-51-59, 8 (7172) 29-52-32.