«ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ИДЕЯЛАР ФЕСТИВАЛІ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ КОНКУРСЫ БАСТАЛДЫ

Қаскелен қаласында SDU базасында дәстүрлі «Педагогикалық идеялар фестивалі» республикалық конкурсының бірінші күні аяқталды.

Фестивальға 220 ұстаз – директорлар, директордың орынбасарлары, білім беру ұйымдарының барлық түрлері мен типтерінің педагогтері, мектепке дейінгі ұйымдардың тәрбиешілері мен әдіскерлері, музыка қызметкерлері, қосымша білім беру педагогтері, сынып жетекшілері, психологтар, логопедтер, дарынды балалармен жұмыс жасайтын өңірлік орталықтардың әдіскерлері қатысуда.

Бағдарламаға сәйкес бүгін бағыттар бойынша педагогикалық идеялар жобаларын қорғау күні болды.

Фестиваль келесі бағыттар бойынша өткізілуде:

1) «Білім беру жүйесіндегі менеджмент» (директорлар, білім беру ұйымдары директорларының орынбасарлары, дарынды балалармен жұмыс жөніндегі аймақтық орталықтардың әдіскерлері);

2) «Шеберлік палитрасы» (пән мұғалімдері); ғылыми-жаратылыстану бағытындағы пәндер (химия, биология, география, экология); физика-математика бағытындағы пәндер (математика, физика, информатика); қоғамдық-гуманитарлық бағытындағы пәндер (қазақ, орыс, ағылшын тілдері, әдебиет, тарих, құқық); ағылшын тіліндегі жаратылыстану-математикалық бағытындағы пәндер; қолданбалы цикл (көркем еңбек, дене шынықтыру, технология, АӘД, музыка, қолданбалы өнер).

3) «Шығармашыл толқын» (бастауыш сынып және мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының педагогтері);

4) «Сабақ аяқталған соң…» (сынып жетекшілері, тәрбиешілер, қосымша білім беру орталықтарының педагогтері);

5) «Психолог сандықшасы» (психологтар, логопедтер, әлеуметтік педагогтер, дефектологтар).

Ертең, 12 қаңтар күні Шебер-сыныптар және Фестивальдің жабылу салтанаты өтеді.