Өтетін орны: №178 мамандандырылған лицей.
Өткізу уақыты: 2025 жылғы 23–27 сәуір.
Ұйымдастырушылар: Алматы қаласының білім басқармасы, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Республикалық ғылыми-практикалық «Дарын» орталығы, «Алматы дарыны» дарынды балаларды, талантты жастарды анықтау, қолдау, сондай-ақ кәмелетке толмаған балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау орталығы.
2025 жылғы 23–27 сәуір аралығында Алматы қаласындағы №178 мамандандырылған лицей базасында 8–9 сынып оқушыларына арналған Аягүл Миразова атындағы Республикалық математикалық олимпиадасы алғаш рет өтеді. Бұл олимпиада Қазақстанның алғашқы Еңбек Ері, «Алтын Жұлдыз» және «Отан» ордендерінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Педагогикалық ғылымдар академиясының және Ұлттық құндылықтар академиясының академигі, Семей гуманитарлық университетінің және Абай атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, Алматы қаласының, Жамбыл облысының және Жуалы ауданының Құрметті азаматы, 7, 8 және 9 сыныптарға арналған оқулықтардың авторы – Аягүл Миразованың құрметіне арналады. Оның отандық білім беру жүйесіне қосқан зор үлесі мен жас ұрпақты тәрбиелеудегі еңбегі бұл маңызды шараның ұйымдастырылуына негіз болды.
Олимпиаданың мақсаты – оқушылардың математикаға қызығушылығын арттыру, сыни ойлау, аналитикалық қабілеттер мен есептерді стандарттан тыс тәсілдермен шешу дағдыларын дамыту.
Қазақстанның барлық өңірлерінен 250-ге жуық оқушы, сондай-ақ 100-ден астам қонақ – команда жетекшілері, қазылар алқасының мүшелері, педагогикалық қауымдастық өкілдері мен БАҚ қатысады деп күтілуде.
Ашықтық пен академиялық адалдықты сақтау мақсатында олимпиада барысы онлайн режимде көруге болатын бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етіледі. Олимпиаданың өту барысын тәжірибелі қазылар, ата-аналар комитетінің өкілдері және журналистер бақылайды. Олимпиада аяқталған соң, нәтижелер, қатысушылар хаттамалары, тапсырмалар мен шешімдер almaty.daryny.kz сайтында жарияланады.
Олимпиада күндері қатысушылар үшін спорттық ойындар, психологиялық тренингтер, сондай-ақ Көктөбе мәдениет және демалыс паркіне, Алматы зообағына және ҚР Орталық мемлекеттік музейіне экскурсиялар ұйымдастырылады.
Қазылар алқасының шешімі бойынша жеңімпаздар бірінші, екінші және үшінші дәрежелі дипломдармен, алғыс хаттармен, арнайы және бағалы сыйлықтармен марапатталады. Олимпиаданың жабылу салтанаты 2025 жылғы 27 сәуір күні сағат 11:00-де Оқушылар сарайында өтеді.