kz ru en

Математика, физика және информатика пәндері бойынша оқушылар арасындағы XIV Халықаралық Жәутіков олимпиадасының өткізілуі туралы қорытынды ақпарат

18-01-2018

2018 жылдың 15 қаңтарында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің Ө.Жолдасбеков атындағы студенттер Сарайында Математика, физика және информатика пәндері бойынша оқушылар арасындағы XIV Халықаралық Жәутіков олимпиадасы (бұдан әрі - Олимпиада) жүлдегерлерін марапаттау және олимпиаданың жабылу салтанаты өтті. Биыл Олимпиадаға Қазақстан, Ресей, Беларусь, Грузия, Армения, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Болгария, Румыния, Сербия, Түркия, Иран және Индонезия секілді әлемнің 15 елінің 72 командасы қатысты. Иран елінен келген команда Олимпиадада тұңғыш рет бақ сынады. Биыл Олимпиадаға қатысушылардың саны рекордтық көрсеткішке – 482-ге жетті.

Олимпиаданың басты ерекшелігі, оның қорытындысы бойынша оқушылар арасындағы үздіктермен бірге мамандандырылған мектептер арасындағы рейтинг анықталады. Олимпиада нәтижесі бойынша жақын және шетелден келген үздік 7 мамандандырылған мектеп анықталды.

Командалық есепте Бас жүлдені Ресейдің Челябинск қаласындағы №31 физика-математика лицейі жеңіп алды. 

1 орынды екінші жыл қатарынанСербияның астанасынан келген Белградтық математика гимназиясының оқушылары иеленді.

2 орынды Санкт-Петербург қаласының №239 физика-математикалық лицейі мен Мәскеу қаласының № 1329 мектебі бөлісті.

3 орын Санкт-Петербург қаласының  Физика –техникалық жоғарғы мектебі, Болгариядан келген София қаласындағы математикалық гимназия және Мәскеу Мемлекеттік Университетінің жанындағы мамандандырылған оқу-ғылыми орталығының командасына бұйырды.

Тағы 7 команда мақтау қағаздарына ие болды.

Марапатталған командалардың әрбір мүшесіне құнды сыйлықтар табыс етілді.

Жеке сайыс бойынша Олимпиада қатысушыларына 42алтын, 63күміс, 105қола медаль берілді.

Қазақстан атынан қатысқан оқушылар 210 медальдің 60-ын иеленді: 7 алтын, 16 күміс, 37 қола.

Қазақстан атынан сынға түскен 22 команданың ішінде Алматы қаласы Республикалық физика-математика мектебінің бірінші командасы ең жоғарғы нәтиже көрсетіп, мектеп командаларының рейтингі бойынша мақтау қағазына ие болды. «Республикалық физика-математика мектебі» КеАҚ-ның оқушылары Қазақстан қоржынына 13 медаль әперді: 2 алтын, 5 күміс, 6 қола.

Олимпиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне Қазақ-Британ техникалық университеті, Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті және Сүлеймен Демирел атындағы университеттіңоқу гранттары берілді.

Халықаралық Жәутіков олимпиадасы Қазақстан Республикасының Білім және ғылым Министрлігінің, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының және «Республикалық физика-математика мектебі» КеАҚ-ның аясында, Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті, Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өтті. Lancaster Group Kazakhstan, Fizmat Endowment Fund және  «ABDI» компаниясы халықаралық шараға демеушілік көрсетті. 

ТОО Компания Финист, Creative Group ©, 2017