Региональные новости
12-09-2014

"ЕртісДарыны" АҒПО / Жас мұғалімнің алтын бастамасы

Қазақтың ұлы ақыны Абайдың сөзіне жүгінер болсақ, «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, білім, ар, мінез деген қасиеттерімен озады». Ұлы ақын сөзі еш уақытта өз мәнін жойған емес. Ғылым мен техниканың қарыштап қадам басқан заманында көштің басынан табылып, білім-ғылым саласында алдыңғы қатардан көрініп отырған бүгінгі жас жеткіншектеріміз бен оларды білім додасына баптап, қатыстырып, жас ұрпақтың келешектегі ғылымға деген көзқарасын қалыптастырып келе жатқан ұлағатты ұстаздарымыз ақынымыздың осы сөзін арқа тұтса керек.

Озық ойлылылық адамның  жас мөлшеріне қарамайды. Оны қазіргі таңда өткізіліп жатқан білім, ғылым додаларынан байқаудамыз. Озық ойлы, заманына сай білім қаруымен қаруланған білімдар адамдар өз заманының дамуына зор үлесін қосады.

Солардың ортасында Павлодар қаласы қазақ-түрік лицей-интернатының химия пәнінің  мұғалімі Алмас Ордабаев та бар. Ол - Қазақ-түрік лицейін «Алтын белгімен» бітірген түлек, кезіндегі халықаралық олимпиадалар жүлдегері, М.В.Ломоносов атындағы ММУ-дан қанат қаққан мұғалім. Осы жас маман оқушылары  қазірдің өзінде бірнеше зияткерлік сайыстардың  жеңімпаздары болып отыр. Алмас Еркінұлы 2 жыл ұстаздық қызмет жолында өз пәнін жеткіншектерге жетік меңгертіп қана қоймай, оқушылардың ғылымға деген қызығушылықтарын оята білді. Жас ұстаздың алтын бастамалары қазіргі таңда үлкен белестерді бағындырып, қазақ-түрік лицейінің абырой–намысын асқақтата көтеріп қорғауда.

«Менің оқушыларым – менің тынымсыз еңбегімді қанаттандырған талант иелері. Әрқайсысы ертеңгі күніне нық қадам басар, сенімді серпін салар дайын мамандар сияқты. Өздіктерінен жұмыс жасауда тәжірибелері де аз емес. Алдағы атқарар жұмыстарын жүйелі жоспарлап, айқын биік мақсат қоя білген әр адам биігін бағындырмай қоймайды. Менің оқушыларым сондай адамдардың қатарынан. Мен өз оқушыларымды мақтан тұтамын. Менің қол жеткізген жетістіктерімнің негізгі иелері солар», – дейді бір сөзінде Алмас.

Рас, айтса айтқандай, Алмастың білім бәйгесіне қосып жүрген оқушылары түгел жүйрік. Мектептегі олимпиадаға дайындық сабақтарынан басқа арнайы факультатив сабақтарын сапалы өткізуге оқушылары да аянып қалмайды. Жоғары сыныптағы оқушылары төменгі сыныптағыларына сабақ түсіндіріп, ой дәлелдеуде тәжірибе жинақтайды. Күні бойы білім сайысына дайындықпен қатар, бір мезгіл сергуді де ұмытпайды. Әр түрлі спорттық шараларға атсалысып, ойындарға қатысуымен қатар, әр аптаның соңында өткізілетін дайындық емтиханын да құр жіберген емес. Өзара бәсекелестікті орынды пайдалана білген мұндай оқушының шығар шыңы әрқашан биік болса керек.  

Осындай оқушылардың бірі – Қабылда Әділ. Әділ өткен оқу жылында облыстық, республикалық білім олимпиадаларында І, ІІ жүлделі орындарды иеленіп отырса, Мәскеуде өткен халықаралық 48-ші Менделеев  химия олимпиадасына қатысып, 16 елден келген 100 оқушы арасынан топ жарып күміс медальді жеңіп алды. Айта кетейік, Әділдің Менделеев халықаралық олимпиадасындағы бұл жеңісі Қазақстанға павлодарлық оқушылардың алып келген үшінші жүлдесі. Оған дейін қазақ-түрік  лицей түлегі  Байдилов Далер қола жүлде алып қайтқан болатын.

Жасөспірім бойындағы жеңіске деген ұмтылыс, еңбексүйгіштік, жоғары интеллекті және кең дүниетаным молдығы тағы бір биік асуды алуға жол ашты. Әділ  Вьетнам астанасы - Ханой қаласында өткен 46-ші халықаралық химия олимпиадасында да күміс медаль жеңіп алды.

 Жалпы, халықаралық олимпиада – бүтін ғаламшар оқушылары арасындағы беделді де, ауқымы кең зияткерлік дода. Бұл сайыс тек өз пәнінің терең білгірі болуды ғана емес, танымдық, ғылымилық, ақпараттық сауаттылықты талап етеді. Осы жолда лицей түлектері тек біліммен қаруланып  қана қоймай, өздігінен білім алуды дамытып, үздіксіз өрлеуіне көз жеткізудеміз. Оған Якутиядағы Туймаада халықаралық олимпиадасының алтын медаль иегері Ахметжанов Нұрсәлім, Ресейдің  Киров қаласындағы олимпиадаға дайындық мектебінің тәлімгерлері Қамаров Шыңғыс, Сәрсембай Амангелді, Сайлау Хакімді  атап өтуге болады. Олардың жеңісі - тынымсыз еңбектің нәтижесі.

      Шығармашыл ұстаз Алмас Ордабаев та барынша жоғарғы жетістіктерге жету үшін оқушыларға қолайлы орта жасауға тырысады. Алдағы мақсаты –  дарынды балалар арасында Павлодар өңірінде Бектұров атындағы мамандырылған  химиялық олимпиада өткізу, 2015 жылы оқушыларының халықаралық олимпиадаларынан алтын медальға қолын жеткізу.

Шынында да, бізге керегі – шын дарындар. Жас талапты дарындар - еліміздің болашағы.   Біз болсақ, осындай  ұл-қыз тарланбоз  жүйріктерін қолдауға, қорғауға міндеттіміз.

 

Бижан Адуова,

Дарынды ер балаларға арналған

облыстық қазақ-түрік лицей-интернаты,

қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Фотографии:

фото-1
Қазақтың ұлы ақыны Абайдың сөзіне жүгінер болсақ, «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, білім, ар, мінез деген қасиеттерімен озады». Ұлы ақын сөзі еш..." data-yashareLink="http://daryn.kz/blogs/view/4/1527" data-yashareL10n="ru" data-yashareType="none" data-yashareQuickServices="yaru,vkontakte,facebook,twitter,odnoklassniki,moimir">