Қазақстандық оқушылар — әлемнің үздік инженерлерінің қатарында: еліміздің құрамасы FIRST Championship әлемдік чемпионатында алты бірдей марапат жеңіп алды

🏆 Қазақстандық оқушылар — әлемнің үздік инженерлерінің қатарында: еліміздің құрамасы FIRST Championship әлемдік чемпионатында алты бірдей марапат жеңіп алды

🇺🇸 110 елден 50 мыңнан астам оқушы қатысқан Хьюстондағы FIRST Championship 2025 халықаралық инженерлік турнирінде Қазақстан құрамасы үш жас санаты бойынша рекордтық нәтиже көрсетті, — деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.

🚀 Қазақстан намысын жеті команда қорғады. Жоғары санатта (12–18 жас) Алматы қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің PID командасы еліміз тарихында тұңғыш рет жарыстың финалына өтіп, екі марапат иеленді — Motivate Award Winner және Division Finalist Award.

🇰🇿 Алматыдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің CRISTABOL командасы техникалық және техникалық емес дағдылардың үздік үйлесімі үшін берілетін ең беделді марапат — INSPIRE Award-ты жеңіп алды. Sana Team (Алматыдағы Білім-инновация лицейі) және Jeltoqsun (Қарағанды қаласындағы «Мұрагер» мектебі) командалары роботтар ойыны бойынша 258 команданың ішінен ТОП-20 қатарына енді.

⚡️ Орта санатта (10–16 жас) — FIRST LEGO League Challenge турнирінде Астана қаласындағы «Skillset» мектебінің SKILLSET командасы Champions Award номинациясы бойынша финалист атанды. Қарағандыдағы «Мұрагер» мектебінің RASSLEXX командасы Coopertition Award Winner марапатын жеңіп алды.

❗️ Кіші санатта (6–10 жас) — FIRST LEGO League Explore бойынша Павлодар қаласындағы «Сатурн» мектебінің ATLANTIS командасы Team Model Award марапатына ие болды.

🗣️ FIRST Global Challenge чемпионатының ерекшелігі — бұл жарысқа әртүрлі жас деңгейіндегі бірнеше команда қатысады. Қазақстан бұл чемпионатқа небәрі бес жылдан бері қатысып келеді. Соған қарамастан, ондаған жылдық тәжірибесі бар мемлекеттермен тең дәрежеде бәсекеге түсудеміз, — деді USTEM Foundation қорының жетекшісі Асылбек Мұрзахметов.

⚜️ Еске сала кетейік, чемпионаттың ұлттық ұйымдастырушылары — ҚР Оқу-ағарту министрлігінің тікелей қолдауымен «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы мен «USTEM» қоғамдық қоры.

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен қазақстандық оқушылар 2025 жылдың 15-19 сәуір күндері АҚШ-тың Хьюстон қаласында (Техас штаты) өтетін ең ірі «First Robotics» робототехника бойынша Халықаралық чемпионатына (бұдан әрі –  Чемпионат) қатысты.

Чемпионаттың мақсаты – оқушылардың зияткерлік, шығармашылық, инженерлік-техникалық әлеуетін ашу, шығармашылық ойлауды дамыту және түпкілікті цифрлық технологияларды қолдану арқылы алға қойылған мақсаттар мен міндеттерді шешуге стандартты емес көзқарасты дамыту, ғылыми-техникалық дағдыларды арттыру және мектеп оқушыларының робототехника және сенсорлық саласындағы техникалық жобалау мен бағдарламалауға ынтасын арттыру.

Чемпионатқа қатысу құқығын оқушылар 2025 жылғы 21-23 ақпан күндері Алматы қаласында өткен Central Asia FIRST Championship халықаралық ғылыми жобалар байқауында жеңіп алған. Нәтижесінде 7 команда Америкаға жолдама алды:

  • Павлодар қаласындағы «Сатурн» жеке мектебінің «Atlantis» командасы;
  • Астана қаласындағы «Skillset» жеке мектебінің «Skillset» командасы;
  • Қарағанды облысы білім басқармасының «Мұрагер» мамандандырылған мектеп-интернатының «JelToqSun» және «Rasslexx» командалары;
  • Алматы қаласы Білім басқармасының «Білім-инновация» лицей-интернатының «Sana team» командасы;
  • Алматы қаласы, химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің «Cristabol» командасы;
  • Алматы қаласы, физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің «PID» командасы.

110 елден 50 000-нан астам жас инженер мен өнертапқышты жинаған биылғы чемпионаттың тақырыбы — суасты әлемін зерттеу және қорғау.

Қазақстандық командалар өз білімдері мен біліктіліктерін жоғары деңгейде көрсетіп, келесі марапаттарға ие болды:

  1. «Atlantis» командасы – Team Model Award;
  2. «Skillset» командасы – Champions Award Finalist;
  3. «Rasslexx» командасы – Coopertition Award Winner;
  4. «Cristabol» командасы шығармашылық, инженерлік ойлау және команда рухын жоғары деңгейде көрсеткені үшін - INSPIRE AWARD номинациясы бойынша III орын иегері атанды.