2025 жылғы 23-27 сәуір аралығында Алматы қаласында алғаш рет 8-9 сынып оқушыларына арналған Аягүл Миразова атындағы республикалық математикалық олимпиадасы жоғары ұйымдастырушылық және ғылыми деңгейде өтті. Іс-шара Алматы қаласы әкімдігінің және Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылды.
Олимпиада төрт кезеңнен тұрды. Қорытынды кезеңге Қазақстанның әр өңірінен 207 оқушы, 50-ден астам команда жетекшілері, қазылар алқасының мүшелері мен қонақтар қатысты.
Олимпиаданың мақсаты – оқушылардың математика пәніне қызығушылығын арттырып, сыни ойлау мен аналитикалық қабілеттерін дамыту болды.
Олимпиаданың жабылу салтанатына Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әсем Бекқызы Нүсіпова және Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Ғаждембек Қуанышұлы Тұрсынов қатысты. Сонымен қатар, Аягүл Төреқызы Миразова олимпиада қатысушыларына шашу шашып, оларға сәттілік тілеп, қолдау көрсетті.
Қазылар алқасының шешімімен жеңімпаздар мен жүлдегерлер І, ІІ және ІІІ дәрежелі дипломдар мен медальдармен марапатталды.
І орын иеленген 5 оқушыға Яндекс Станция Макс смарт-колонкалары және 150 000 теңге ақшалай сыйлық, ІІ орын иеленген 5 оқушыға Samsung Galaxy A15 смартфондары және 100 000 теңге, ІІІ орын иеленген 7 оқушыға Xiaomi Redmi 14 смартфондары мен 50 000 теңге табысталды. Ерекше жетістіктері үшін 10 оқушыға арнайы грамоталар мен портативті проекторлар берілді. Барлық ақшалай сыйлықтар Аягүл Төреқызы Миразова атынан ұсынылды.
Олимпиаданың табысты өтуіне үлес қосқан ұстаздарға Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әсем Бекқызы Нүсіпова алғыс хаттар табыстады.
Естеріңізге салсақ, олимпиада Қазақстанның алғашқы Еңбек Ері, «Алтын Жұлдыз» және «Отан» ордендерінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Педагогикалық ғылымдар академиясының және Ұлттық құндылықтар академиясының академигі, Семей гуманитарлық университетінің және Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, Алматы қаласының, Жамбыл облысының және Жуалы ауданының Құрметті азаматы, 7, 8 және 9-сыныптарға арналған оқулықтардың авторы – Аягүл Төреқызы Миразованың құрметіне ұйымдастырылды.
Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерді шын жүректен құттықтаймыз!