Астана қаласында 1-2 мамыр аралығында 7-11-сынып оқушылары арасында ұйымдастырылған “Жарқын болашақ” республикалық шығармашылық олимпиадасы аяқталды.
Байқаудың салтанатты жабылу рәсімі Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрында өтті. Іс-шараға еліміздің мәдениет қайраткерлері, қазақ тілінің жанашырлары және ғылым өкілдері қатысты.
Бұл дода еліміздің түкпір-түкпірінен келген қиялы ұшқыр, қаламы жүйрік, білімге құштар 180-нен астам (қазақ және өзге ұлт өкілдері) оқушыны тоғыстырып, нәтижесінде 94 жеңімпаз мен жүлдегер анықталды.
Байқаудың басты мақсаты – мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, қазақ халқының мәдени, әдеби және рухани мұрасын насихаттау, жас ұрпақтың шығармашылық қабілетін, ой-өрісі мен дүниетанымын дамыту. Олимпиадаға қатысқан жастар – ертеңгі ел үміті.
Олимпиада келесі бес бағыт бойынша өтті:
• «Бейнелеушілер» – әдеби шығармаларды комикс жанрында бейнелеу;
• «Білгірлер бәйгесі» – халық ауыз әдебиеті үлгілері негізіндегі сайыс;
• «Жас қаламгер» – жазбаша шығармашылық жұмыс;
• «Сөз шеберлері» – шешендік өнер, көпшілік алдында сөйлеу;
• «Әнші-бұлбұлдар» – ән орындау.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастармен кездесуінде: «Әлем халықтарының жақсы қасиеттерін бойға сіңіріп, озық үрдістерін үйрену үшін тіл білу қажет. Бабаларымыз “Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ілім біл” деп айтқан. Шын мәнінде, жастар неше тіл білсе, алдынан сонша елдің есігі айқара ашылады. Бұл туған еліңнің мүддесіне қызмет ету үшін қажет. Дегенмен, ең алдымен, жастарымыз ана тілін – қазақ тілін білуі керек. Ана тіліміз бірінші орында болып, бәріміз үшін негізгі басымдық болуы қажет», – деген болатын.
Бұл ойды «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Ғаждембек Қуанышұлы Тұрсынов та өз сөзінде қолдап, былай деді:
«Бұл олимпиада – тек сайыс емес, ол – ана тіліміздің мәртебесін көтеруге қосылған зор үлес. Сіздер – елдің ертеңі, тілді, дәстүрді, ұлттық құндылықтарды жалғайтын алтын көпірсіздер. Жас ұрпақтың бойындағы дарын мен ізденіске деген құштарлықты осындай аламандар арқылы ашуға болады. Мемлекет тарапынан жастардың білім мен ғылымға ұмтылысына барлық жағдай жасалып отыр. Біз сіздердің болашақта ел дамуына үлкен үлес қосатыныңызға сенеміз», – деп түйіндеді.
Үздік нәтиже көрсеткен 11-сынып түлектеріне еліміздің жетекші жоғары оқу орындарына білім гранттары ұсынылды. Сонымен қатар, барлық жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар табысталды.
Айта кетсек, биыл «Жарқын болашақ» олимпиадасының алғашқы кезеңіне еліміздің барлық өңірінен 7000-ға жуық оқушы қатысты. Олардың шамамен 2000-ы – этнос өкілдері. Республикалық деңгейде дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан бұл жобаға биыл 13 жыл толды.
Олимпиада Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен, «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» халықаралық қоғамдық қоры және «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен өткізілді.