2025 жылғы 19-21 мамыр аралығында Тараз қаласындағы Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің базасында 9-11 сынып оқушыларына арналған IX республикалық «Шерхан Мұртаза оқулары» ғылыми-шығармашылық байқауының қорытынды кезеңі өтеді.
Байқаудың негізгі мақсаты – қазақтың көрнекті жазушысы, қоғам қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Шерхан Мұртазаның шығармашылығын насихаттау, жас ұрпақты патриотизмге баулу және әдеби-мәдени мұраны терең меңгеруге ынталандыру.
Қорытынды кезеңге еліміздің әр өңірінен 50-ге жуық оқушы қатысып, үш номинация бойынша бақ сынайды:
• «Жүрекке жол тапқан жұлдыз көпір» – жазушы шығармаларына әдеби және тілдік талдау;
• «Зау тұлға» – авторға арналған арнау өлеңдер байқауы;
• «Шерхан Мұртаза мұрасы» – прозалық, публицистикалық және философиялық шығармаларына арналған ғылыми жобалар.
Сондай-ақ қатысушылар үшін психологиялық тренингтер мен сергіту ойындары, тарихи-танымдық бағыттағы экскурсиялар ұйымдастырылады. Олар Айша бибі кесенесіне және Жуалы ауданындағы Талапты ауылындағы Шерхан Мұртаза музейіне барады.
Байқау жеңімпаздары І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдармен марапатталады. Барлық оқушыларға қатысушы сертификаттары беріледі.
Еске сала кетейік, іс-шара жас дарындарды қолдау, әдебиетке қызығушылықты арттыру және ұлттық руханиятты дәріптеу мақсатында жыл сайын өткізіледі.
Байқауды ұйымдастырушылар: ҚР Оқу-ағарту министрлігің қолдауымен «Дарын» орталығы, Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университеті және Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы бірлесіп ұйымдастырып отыр.