2024-2025 оқу жылының қорытындысы: қазақстандық оқушылар халықаралық олимпиадаларда 362 медаль жеңіп алды

🏆 2024-2025 оқу жылында еліміздің дарынды оқушылары халықаралық білім додаларында жоғары нәтижеге қол жеткізіп, Қазақстан құрамасының қоржынына 362 медаль түсті. Оның ішінде 41 алтын, 127 күміс және 194 қола жүлде бар.

👩‍🎓 Жалпы есеп бойынша халықаралық сайыстарға 752 оқушы қатысып, олардың әрбір екіншісі елге жүлдемен оралды. Бұл – қазақстандық оқушылардың бәсекеге қабілеттілігін көрсететін маңызды көрсеткіштердің бірі.

📚 Оқу жылы барысында еліміздегі мектеп оқушыларының 40 пайыздан астамы республикалық және халықаралық деңгейдегі зияткерлік жарыстарға қатысты. Әсіресе, әлемдік және Азия деңгейіндегі беделді олимпиадаларда білім-білігімен, тапқырлығымен дараланған оқушылар қатары артты.

🥇 Елордалық 10-сынып оқушысы Нұргүл Егенбергенова физикадан Азия олимпиадасында «ең үздік қатысушы» деп танылды. Маңғыстау облысынан Рамазан Бутантаев Азия-Тынық мұхиты аймағы бойынша лингвистикадан «ең мықты лингвист» атанып, Қазақстан тарихында бұл саладағы алғашқы алтын жүлдені иеленді. Шығыс Қазақстаннан Алдияр Амангелді Орталық Азияның «ең үздік информатигі» мәртебесіне ие болса, маңғыстаулық Меңдіғали Қалдыбай химиядан Менделеев халықаралық олимпиадасында зертханалық жұмыс бойынша үздік нәтиже көрсетіп, «ең үздік практик» атағын алды.

🤖 Бұдан бөлек, отандық оқушылар химия пәні бойынша әлемдегі ең беделді халықаралық олимпиадада екі мәрте жеңімпаз атанып, FIRST Global Challenge робототехника чемпионатында үш дүркін әлем чемпионы атанды. Бұл – Қазақстандағы білім беру сапасының халықаралық деңгейде мойындалуының нақты дәлелі.

💰 Айта кетейік, еліміз – халықаралық олимпиада жеңімпаздарын қаржылай қолдау тетігін жүйелі түрде іске асырып отырған мемлекеттердің бірі. Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2024 жылы халықаралық білім сайыстарында үздік нәтиже көрсеткен 26 оқушы мен оларды даярлаған ұстаздарға ақшалай сыйақы табысталды.

📅 Жыл соңына дейін Қазақстан құрамасы 17 халықаралық олимпиадаға қатысады деп жоспарланып отыр.