«Бала үні» күнінде республикалық және халықаралық пәндік олимпиадаларда топ жарған жасөспірімдердің жетістіктерін насихаттауды жалғастырамыз.
Кейіпкеріміз – Халықаралық Менделеев олимпиадасында дара шыққан Маңғыстау облысы «Білім-инновация» лицейінің 10-сынып оқушысы Меңдіғали Қалдыбай. Меңдіғали – ұлттық құрама сапындағы болашағынан зор үміт күттіретін дарынды жас.
Биылғы беделді додада ол практикалық кезеңде ең жоғары нәтиже көрсетіп, «Award for the Best Score in the Practical Exam» арнайы жүлдесіне ие болды. Нәтижесінде 40 елдің қатысушыларының арасынан суырылып шығып, еліміздің абыройын асқақтатты.
Қазіргі таңда Меңдіғали Астанадағы оқу-жаттығу жиындарына қатысып, Халықаралық химия олимпиадасына жолдама алуға талпынып жүр. Жас химикке шығармашылық табыс пен толағай жеңістер тілейміз!
Айта кетейік, халықаралық олимпиада жүлдегерлерін ынталандыру мақсатында елімізде мемлекеттік деңгейде қолдау бағдарламасы жұмыс істейді. Заңға сәйкес, алтын медаль иегерлері – 1500, күміс – 1000, қола медаль иегерлері 500 АЕК мөлшерінде сыйақы алады. 2024 жылы бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 77,5 млн теңге бөлініп, 26 оқушы мен 24 ұстаз марапатталды.
Мұндай қолдау шаралары жас жеткіншектерге сенім сыйлап қана қоймай, олардың дарыны мен дауысы мемлекеттің басты назарында екенін айғақтайды.