«Функционалдық сауаттылықтан олимпиадалық ойлауға дейін: бастауыш білім берудегі ЖИ мүмкіндіктері» тақырыбында республикалық семинарының ақпарат хаты

Мұғалімнің үздіксіз ізденісі, кәсіби құзыреттілігі мен жаңашылдығы – оқушының танымдық белсенділігі мен шығармашылық әлеуетін дамытудың негізі. Педагогтің әдістемелік шеберлігі білім алушының өздігінен ойлау, білімін өмірлік жағдаяттарда қолдану және күрделі міндеттерді шешу қабілетінен көрініс табады.

Осыған орай, бастауыш сынып мұғалімдерінің оқу, математикалық және жаратылыстану сауаттылығын дамытуға бағытталған кіріктірілген тапсырмаларды әзірлеуде жасанды интеллект мүмкіндіктерін қолдану, білім алушылардың логикалық және олимпиадалық ойлау дағдыларын қалыптастыру, күрделі тапсырмаларды шешу тәсілдерін меңгерту бойынша әдістемелік құзыреттілігін жетілдіру мақсатында, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы 2026 жылғы іс-шаралар жоспарына сәйкес, 27-29 қазан аралығында Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының «Оқу-әдістемелік орталығы» КММ бірлесіп, Тараз қаласында еліміздің білім беру ұйымдарының бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған «Функционалдық сауаттылықтан олимпиадалық ойлауға дейін: бастауыш білім берудегі ЖИ мүмкіндіктері» атты республикалық оқу-әдістемелік семинарын өткізеді.

Семинардың мақсаты бастауыш білім беру үдерісінде жасанды интеллект (ЖИ) мүмкіндіктерін тиімді пайдалану арқылы оқушылардың функционалдық сауаттылығын, сыни және логикалық ойлауын, шығармашылық қабілеттерін дамыту, сондай-ақ олимпиадалық тапсырмаларды шешуге қажетті зерттеушілік, талдау және проблеманы шешу дағдыларын қалыптастыру.

Семинар бағдарламасы практикалық тренингтер мен шеберлік сабақтары арқылы педагогтердің олимпиадалық тапсырмаларды талдау, шешу жолдарын негіздеу және оларды оқыту тәжірибесіне енгізу бойынша әдістемелік шеберлігін жетілдіруге бағытталады. Оқушылардың оқу, математикалық және жаратылыстану сауаттылығын, логикалық пайымдауы мен олимпиадалық ойлауын дамытуда жасанды интеллект мүмкіндіктерін педагогикалық мақсаттарға сай қолдану тәсілдері қарастырылады.

Тәжірибе алмасу сессияларында нәтижелі педагогикалық тәжірибелерді зерделеуге, өзекті әдістемелік мәселелердің шешімдерін бірлесіп әзірлеуге және ұсынылған тәсілдерді бастауыш білім беру мазмұны мен оқушылардың жас ерекшеліктеріне бейімдеуге басымдық беріледі.

Семинарға қатысу туралы сұранысты а.ж. 19 қазанға дейін көрсетілген үлгі бойынша мына электрондық поштаға жіберуіңізді сұраймыз:e-mail: b.seidimkhan@daryn.kz. Тиісті мекеме басшысымен бекітілген әр қатысушыға 19 қазанға дейін міндетті түрде жеке http://tiny.cc/seminarbas2026 сілтемесі бойынша онлайн тіркелуден өту қажет. Әр облыс бойынша квота 7 адамды құрайды.

Семинардың өтетін орны: Тараз қаласының білім бөлімінің «№67 орта мектебі» КММ, Әулиеата ауданы, Ұлы дала, 141.

Іс-шараға келу күні – 27 қазан, басталуы – 28 қазан, аяқталуы – 29 қазан сағат 18.00 кейін. Іссапар шығындары жіберуші жақтың есебінен төленеді (жолы, тамақтануы, ұйымдастару жарнасы, жатын орны).

Семинардың ұйымдастару жарнасы – 25 900 теңге. (қатысушының жеке почтасына жіберілген сілтеме арқылы төленеді)

№Қатысушының аты-жөніОблысыЖұмыс орныЖұмыс өтіліЕ-mailБайланыс телефоны