Лингвистикалық олимпиаданың қорытындысы шығарылды
13 оқушы 2023 жылы Болгарияның Банско қаласында өтетін Лингвистикадан халықаралық олимпиадаға (IOL) Қазақстан атынан қатысу үшін тартысқа түседі.
Бұл 8-11 сынып оқушыларына арналған лингвистикалық олимпиаданың шешуші кезеңін қорытындылағаннан кейін белгілі болды. Бірінші орынды 5 олимпиада қатысушысы, екінші орынды 7 қатысушы, ал үшінші орынды 10 қатысушы жеңіп алды.
Максималды 111 баллды Павлодар қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінен Ахмет Шайман жинады. Екінші орын Көкшетау қаласы Абай атындағы дарынды балаларға арналған № 3 мамандандырылған мектеп-интернатының оқушысы Камилла Кимнің еншісінже. Үздік үштікті Абай облысы, Мақаншы ауылы, Найманбай атындағы орта мектебінен келген Зинара Омарханова тұйықтады.
Естеріңізге сала кетейік, лингвистикалық олимпиада 3 турдан тұрды. Аудандық турға 2000-нан астам оқушы, облыстық турға 550-ден астам, ал республикалық турға 50 оқушы қатысты.
Бүгін олимпиаданың ең жоғары балл жинаған 13 жеңімпазы мен жүлдегері олимпиада резервіне алынды. Келесі жылы олар үшін оқу-жаттығу жиындары ұйымдастырылады. Оның қорытындысы бойынша тек 4 білімпаз Қазақстанның құрама командасына мүше болып, IOL-2023-ке қатысады.