170 ОҚУШЫ АУЫЛ МЕКТЕПТЕРІНІҢ ОҚУШЫЛАРЫНА АРНАЛҒАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ОЛИМПИАДАНЫҢ ЖҮЛДЕГЕРЛЕРІ АТАНДЫ

🎙️Астанада жаратылыстану-математикалық бағыттағы ауыл мектептерінің оқушыларына арналған республикалық олимпиада өз мәресіне жетті. Қорытынды кезеңге барлығы 1 088 оқушы қатысуда. Ауыл мектептерінің оқушыларына арналған бірінші республикалық олимпиадада еліміздің түкпір түкпірінен келген 170 оқушы жеңімпаз атанды.

💠Марапаттау рәсіміне ҚР Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Наталья Жұмаділдаева қатысты.

💬«Мемлекет басшысы адами капиталды дамытуға ерекше көңіл бөледі. Ауыл мектептерінің республикалық пәндік олимпиадасы ортақ істі жүзеге асыру қадамына қосқан тағы бір үлес болды. Зияткерлік сайыстарға қатысу – әрқайсыңыз үшін үлкен мәртебе ғана емес, сонымен бірге үлкен жауапкершілік. Әділ және тартысты айқаста сіздер терең де тиянақты білім мен тамаша дайындықты көрсеттіңіз. Осы олимпиада тарихында бірінші рет жеңімпаз атанған, жоғары деңгейдегі медальдарды сенімді түрде жеңіп алған жеңімпаздар үшін шын жүректен қуаныштымын. Сізді үлкен жетістігіңізбен құттықтаймын!», – деді бірінші вице-министр.

🏆Жаратылыстану-математика бағыты бойынша ауыл мектептерінің оқушыларына арналған республикалық олимпиаданың абсолютті жеңімпазы Алматы облысы Рахат ауылдық округіндегі орта мектептің 9-сынып оқушысы Нұрислам Әбдірахым атанды.

💬«Мен бұл олимпиадаға қатысудан үлкен қуаныш алдым. Ауыл мектептері үшін ұйымдастырылған байқау – интеллектуалды өсуге тамаша мүмкіндік. Олимпиада тек жүлде ғана емес, бұл жаңа танысулар мен тәжірибе. Осындай мүмкіндік үшін көп рахмет», – деп бөлісті Нұрислам.

🥇🥈🥉Олимпиадада барлығы 170 медаль сарапқа салынды, оның ішінде: 87 қола, 51 күміс және 32 алтын.

💬«2023 жылдың қараша айында ауыл мектептерінің оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиада бастау алды. Мақсаты – ауылдан келген дарынды және талантты балалардың қабілеттерін анықтау және нығайту. Олимпиада жаратылыстану- математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыттардың 13 пәні бойынша үш кезеңде өтеді. Бастапқы кезеңге 78 404 оқушы қатысты. Екінші кезеңде 25 844 мектеп оқушылары жарысты. Олимпиаданың финалдық кезеңіне 1 088 оқушы жолдама алса, оның 612-сі жаратылыстану-математикалық бағыт бойынша», – дейді «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Ғаждембек Тұрсынов.

🌿Қызылорда облысы Сырдария ауданының 7-сынып оқушысы Кәусар Жарылқасын «Олимпиаданың ең жас қатысушысы» номинациясы бойынша дипломмен марапатталды.

🏆«Үздік олимпиадалық команда» номинациясында бірінші орынды Шығыс Қазақстан облысының командасы жеңіп алды. Екінші орынды Түркістан, Алматы және Қызылорда облыстарының командалары иеленсе, үшінші орында Жетісу мен Батыс Қазақстан облысы командалары тұр.

🏛️Жеңімпаздарға еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының 38 ректорлық гранттары (Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті – 5, Торайғыров университеті – 5, Семей қаласының Шәкәрім университеті – 5, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті – 5, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті – 2, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті – 5, Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті – 3, Алматы Менеджмент университеті – 1, Астана халықаралық университеті – 9) және Алматы қаласындағы Республикалық физика-математика мектебінде оқуға 6 грант берілді.

❕Айта кетсек, III кезеңнің барлық қатысушылары интеллектуалды жарыстарға дайындалу мақсатында «Дарын» республикалық сырттай мектебіне қабылданатын болады. Ал, I дәрежелі диплом иегерлері 2024 жылғы жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңіне қатысады.

💡Ауыл мектептерінің оқушыларына арналған республикалық олимпиаданың қоғамдық-гуманитарлық бағыты 2024 жылдың 21-25 қаңтар аралығында Астана қаласында өтеді.

✨Ұйымдастыру комитеті олимпиаданың жоғары деңгейде өтуіне қолдау көрсеткен Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне, Astana IT University, Астана қаласының білім басқармасына, әл-Фараби атындағы оқушылар сарайына, сондай-ақ, демеушілік көрсеткен Ұлттық мұражайға, «ATTECH» компаниясына және жоғары оқу орындарының ректорлары мен Республикалық физика-математика мектебі басшылығына алғыс білдіреді.