«Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы «USTEM Foundation» қоғамдық қорымен бірлесіп, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен, 2026 жылғы                             10-13 ақпан аралығында Астана қаласы, EXPO Халықаралық көрме орталығы  (Мәңгілік Ел даңғылы, 53/1) базасында 1-11(12) сынып оқушыларына арналған республикалық «FIRST Robotics, Central Asia FIRST Championship & Drone Racing 2026» робототехника бойынша ғылыми жобалар конкурсын (бұдан әрі Конкурс) өткізеді.

Конкурстың мақсаты - оқушылардың интеллектуалдық-шығармашылық және инженерлік-техникалық әлеуетін ашып, ғылыми-техникалық дағдыларын дамыту, робототехника және жасанды  интеллект саласындағы техникалық жобалау мен бағдарламалауға ынтасын арттыру.

Конкурс финалына Қазақстан, Әзірбайжан, Моңғолия, Қырғызстан, Тәжікстан, Үндістан, Түрікменстан, Өзбекстан, БАӘ, Сауд Арабиясы, Танзания, Марокко сияқты әлемнің 12 елінен  3000-нан астам оқушылар қатысады.

Конкурс төрт санат бойынша өтеді: FIRST LEGO League Discover, FIRST LEGO League Explore, FIRST LEGO League Challenge, FIRST TECH Challenge.

FIRST LEGO League Discover (FLD) – 4-6 жас аралығындағы балаларға арналған санат. Қатысушылар LEGO жиынтықтарын пайдаланып, қарапайым ғылыми және инженерлік міндеттерді зерттеп, шығармашылық шешімдер іздейді. Бұл санат сыни ойлау, зерттеу дағдылары және топта жұмыс істеу қабілетін дамытуға бағытталған. Байқау барысында қатысушылар археологияны зерттеп, өз идеяларын LEGO модельдері арқылы жүзеге асырады. Командалар өз жобаларын постерлер, инженерлік журналдар және LEGO модельдері түрінде ұсынады. Әр жоба сарапшылар алдында қорғалып, жұмыс процесі түсіндіріледі.

FIRST LEGO League Explore (FLE) – 6-10 жас аралығындағы балаларға арналған санат, ол инженерия негіздерін LEGO Education SPIKE Essential немесе WeDo 2.0 жиынтықтары арқылы үйретеді. UNEARTHED маусымының тақырыбы қатысушыларды археологияны зерттеуге және моторлар мен датчиктерді қолданып, интерактивті LEGO модельдерін жасауға шабыттандырады. Жұмыстың нәтижелері инженерлік журнал мен «Show Me» постерінде құжатталады, оларды командалар сарапшылар алдында қорғайды. Бұл бағдарлама балалардың зерттеу қабілеттерін, командалық өзара әрекеттестігін, шығармашылық ойлауын және жоба презентациялау дағдыларын дамытады.

FIRST LEGO League Challenge (FLC) — бұл 10–16 жас аралығындағы оқушыларға арналған STEM бағдарламасы. Бағдарлама аясында қатысушылар зерттеу жүргізіп, инженерлік шешімдер ойластырады, роботтарды құрастырып, бағдарламалау арқылы өз дағдыларын дамытады. 2025–2026 маусымының UNEARTHED тақырыбы ежелгі өркениеттер мен археологияны зерттеуге бағытталған: командалар тарихи-мәдени мұраға қатысты өзекті мәселені анықтап, оған инновациялық әрі жүзеге асатын шешім ұсынады. Сонымен қатар командалар Robot Game бөлімінде автономды LEGO роботын құрастырып, бағдарламалап, ойын алаңындағы тапсырмаларды орындайды. Бағдарлама қатысушылардың өзіне деген сенімділігін арттырып, топтық жұмыс, көшбасшылық, коммуникация және сыни ойлау дағдыларын дамытады, сондай-ақ инженерлік тәсіл арқылы шынайы өмірдегі мәселелерді шешуге үйретеді.

FIRST Tech Challenge (FTC) — бұл 12–18 жас аралығындағы оқушылар мен 18 жасқа дейінгі колледж студенттеріне арналған жоғары технологиялық робототехника жарысы. FTC қатысушылары командалық жұмыс, инженерлік жобалау, бағдарламалау және прототиптеу дағдыларын дамытып, ғылыми-техникалық көшбасшылыққа ынталанады. Командалар 3,6 м × 3,6 м ойын алаңында роботпен автономды және басқарылатын кезеңдерде тапсырмаларды орындайды. 2025–2026 маусымы DECODE (presented by RTX) тақырыбы аясында өтеді. Қатысушылар робот құрастырып, жарысқа қатысумен қатар инженерлік кітап (engineering notebook) пен портфолио дайындайды және сарапшылар алдында өз жұмыстары мен нәтижелерін қорғайды. Бағдарлама жастардың инженерлік және ғылыми дағдыларын дамытуға, әділ бәсекелестік пен инклюзивтілік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.

Alem Drone League (ADL) — дрон технологиялары мен FPV спортына арналған жарыс лигасы. Лига аясында инженерлік дрон конкурсы (hardware challenge), FPV симуляторлық жарыстар, микро-дрондар (Whoop) бойынша жарыстар, 5 дюймдік FPV-дрон жарыстары, сондай-ақ командалық дрон-футбол форматы өткізіледі. ADL инженерлік ойлауды, пилоттау шеберлігін, қауіпсіз ұшу мәдениетін және командалық жұмысты дамытуға бағытталған.

Whoop Racing  — жабық ғимарат ішінде Tiny Whoop микро-дрондарымен өтетін жарыс. Негізгі назар — дәлдікке, басқару сапасына және қауіпсіз ұшуға.

FPV Simulator Racing — FPV-симуляторда (виртуалды ортада) өтетін жарыс. Барлық қатысушыға бірдей баптаулар қолданылады, сондықтан нәтиже пилоттау дағдысына тәуелді.

5-inch FPV Racing — 5 дюймдік FPV-дрондарымен өтетін жоғары жылдамдықты жарыс. Негізгі назар — жылдамдық, траектория және қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау.

Drone Engineering Challenge — Командалық инженерлік санат: стандартталған дронда автономды миссияны бағдарламалау және орындау. Негізгі назар — алгоритмдер, сенсорлар, автономия және сенімділік. Бұл санатқа әдетте оқушылар командалары қатысады (құрамында 1–5 қатысушы), командада міндетті түрде тәлімгер (Mentor) болады.

Дрон-футбол (Drone Soccer) — Жабық ғимаратта өтетін командалық тәртіп. Негізгі назар — командалық жұмыс, тактика және қауіпсіздік, басқару тек көзбен (LOS) жүзеге асады. Бұл санатқа мектеп оқушылары команда болып қатысады (әдетте 3 ойыншыдан), FPV қолдануға болмайды.

Бұл жарыстар техникалық дағдыларды, креативтілікті және ғылым мен авиацияға деген қызығушылықты дамытуға ықпал етеді.

FIRST LEGO League Challenge (10-16 жас) және FIRST TECH Challenge                           (12-18 жас) санаты қатысушыларының жатын орны мен тамақтануы 10-13 ақпан аралығында «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының есебінен жүргізіледі. Көрсетілген мерзімнен ерте келген немесе кеш кеткен қатысушылардың жатын орны мен тамақтану шығындары жіберуші тараптың есебінен болады.

Қатысушылардың барып-келу жолы, жетекшілердің іссапар шығындары (жолақсы, жатын орны, тамақтану) жіберуші тарап есебінен өтеледі.

Қатысушылардың жол жүру кезіндегі және конкурстың өту барысында өмірі мен қауіпсіздігі үшін, бұйрықпен тағайындалған жетекші жауапты.

Келу  күні 10 ақпан, кетуі күні 13 ақпан 20.00-ден кейін.

Өтетін орны: EXPO Халықаралық көрме орталығы, Мәңгілік Ел даңғылы, 53/1

Конкурстың ережесі  www.daryn.kz  сайтында орналасқан. Конкурстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері «Дарын» РҒПО мен халықаралық ресми FIRST номинацияларына сай дипломдармен марапатталады. Барлық қатысушыларға сертификаттар тапсырылады.

            Күндері мен уақыты: келу күні - 10 ақпан; PIT-аймақтарды дайындау - 10 ақпан күні сағат 15:00-ге дейін; кету күні - 13 ақпан күні сағат 20:00-ден кейін.

Ашылу салтанаты 11 ақпан күні сағат 10:00-де өтеді.

Жабылу салтанаты Астана қаласы, Мәңгілік Ел даңғылы, 53/1 мекенжайындағы EXPO халықаралық көрме орталығы базасында өтеді:
— FLD үшін — 11 ақпан,
— FLE үшін — 12 ақпан,
— FLC және FTC үшін — 13 ақпан.