«Бастауыш мектепте олимпиадалық және логикалық есептерді шешу тәсілдері» республикалық семинары

Қазіргі білім беру кеңістігінде мұғалімнің кәсіби шеберлігі мен шығармашылығы – сапалы білім мен тәрбиенің басты кепілі болып табылады.

Бастауыш сынып – оқушының тұлғалық және интеллектуалдық дамуының іргетасы қаланатын маңызды кезең. Бұл деңгейде математикалық білім берудің сапасын арттыру, оқушылардың ойлау мәдениетін қалыптастыру және танымдық қызығушылығын дамыту – білім беруді жетілдірудің негізгі бағыттарының бірі болып саналады.

Бастауыш сынып оқушыларының логикалық және олимпиадалық есептерді шешу қабілеттерін жетілдіру оқушылардың стандарттан тыс ойлауын қалыптастырып, талдау, салыстыру, жалпылау сияқты интеллектуалдық дағдыларын жетілдіріп, сонымен қатар өз бетінше шешім қабылдау мен шығармашылық ізденіске баулиды.

Мұғалімдердің әдістемелік құзыреттілігін арттыру, логикалық және олимпиадалық есептерді тиімді пайдалану әдістерін меңгерту – уақыт талабы әрі білім сапасын арттырудың маңызды тетігі болып табылады.

Осы мақсатта «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы а.ж. 1-3 желтоқсан күндері Алматы қаласында еліміздің білім беру ұйымдарының бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған «Бастауыш мектепте олимпиадалық және логикалық есептерді шешу тәсілдері» атты республикалық оқу-әдістемелік семинарын өткізеді.

Семинардың мақсаты – бастауыш сынып мұғалімдерінің кәсіби құзыреттілігін дамыту, математика пәнінен олимпиада тапсырмаларын шешуде педагогтердің біліктілігі мен дағдыларын жетілдіру.

Семинар бағдарламасында аудандық және республикалық олимпиадалардың тапсырмаларын шешу тәсілдерін талқылау, мектеп бағдарламасындағы күрделі логикалық есептерді сараптау, сондай-ақ «Алтын тұғыр» олимпиадасының есептерін шешу жолдарын қарастыру жоспарланып отыр.

Семинар аясында педагогтер мен психологтерге арналған республикалық «Олимп шыңы» олимпиадасы өтеді. Олимпиаданың мақсаты – педагогтердің кәсіби құзыреттілігін, пәндік білім деңгейін анықтау. Олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлері «Дарын» РҒПО грамоталары мен дипломдарымен марапатталады. Олимпиаданың Ережесі daryn.kz сайтында орналасқан.

Семинарға қатысу туралы сұранысты а.ж. 20 қарашасына дейін көрсетілген үлгі бойынша мына электрондық поштаға жіберуіңізді сұраймыз: g.berdenova@daryn.kz

Тиісті мекеме басшысымен бекітілген әр қатысушыға 20 қарашаға дейін міндетті түрде жеке http://tiny.cc/seminarmatem2025 сілтемесі бойынша онлайн тіркелуден өту қажет. Әр облыс бойынша квота 7 адамды құрайды.

Семинардың өтетін орны: «Zerdeli International School Almaty» жекеменшік мектебі, Алматы қаласы, Қалқаман – 2, Абишева көшесі, 24

Іс-шараға келу күні – 1 желтоқсан, басталуы – 2 желтоқсан, аяқталуы – 3 желтоқсан сағат 17.00 кейін. Іс-сапар шығындары жіберуші жақтың есебінен төленеді (жолы, тамақтануы, ұйымдастару жарнасы, жатын орны).

Семинардың ұйымдастару жарнасы – 25 350 теңге. (қатысушының жеке почтасына жіберілген сілтеме арқылы төленеді)

Қатысушының аты-жөніОблысыЖұмыс орныЖұмыс өтіліЕ-mailБайланыс телефоны