Қазақстанның ұлттық құрама командасы лингвистикадан халықаралық олимпиадаға ІОL (бұдан әрі – Олимпиада) қатысады, ол қашықтық форматта 2021 жылғы 19-23 шілде аралығында өтеді.
Бұл Олимпиада оқушылар арасында теориялық, математикалық және қолданбалы лингвистика бойынша жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін жарыс. Тұңғыш Олимпиада 2003 жылы Болгарияда өтті. Қазақстан құрама командасы бұл Олимпиадаға 2015 жылдан бері қатысып келеді.
Олимпиадада өз елінің намысын қорғау үшін әлемнің түкпір-түкпірінен лингвистика бойынша ұлттық олимпиадалардың жеңімпаздары өз құрама командаларын құрады. Олимпиаданың талаптарында лингвистика немесе тіл білімі туралы алдын-ала білім қажет етілмейді. Ең қиын тапсырмалардың өзі тек логикалық дағдылар мен шыдамдылықты және ойлау зеректігінің болуын ғана талап етеді.
Қатысуға төрт оқушыдан және бір жетекшіден құралған командалар шақырылады. Олимпиада жеке және командалық екі жарыс турынан тұрады. Жеке турда қатысушылар алты сағат ішінде бес тапсырманы, ал командадалық турда – ортақ жобаны орындаулары қажет.
Биылғы жылы құрама команда құрамында:
Пересыпкина Дарья, Нұр-Сұлтан қаласы Республикалық физика-математика мектебі» КеАҚ-ның 10 сынып оқушысы;
Асилбекова Сабина, Шымкент қаласы №8 мектеп-гимназияның 10 сынып оқушысы;
Мустафа Әли, Тараз қаласы дарынды балаларға арналған «Білім-инновация» мектеп-интернатының 10 сынып оқушысы;
Зейнуллаева Аружан, Қарағанды қаласы «Мұрагер» мамандандырылған мектеп-интернатының 10 сынып оқушысы.
Құрама команда тренері:
Мурзагалиева Диана Қажетқызы – Назарбаев Университетінің түлегі
Қазақстан құрама командасының мүшелеріне сәттілік тілейміз және жеңіске жететіндеріне сенім артамыз!
Ескертпе: 2020 жылы эпиджағдайға байланысты олимпиада өтпеді.