Қазақстандық оқушылар — әлемнің үздік инженерлерінің қатарында: еліміздің құрамасы FIRST Championship әлемдік чемпионатында алты бірдей марапат жеңіп алды
110 елден 50 мыңнан астам оқушы қатысқан Хьюстондағы FIRST Championship 2025 халықаралық инженерлік турнирінде Қазақстан құрамасы үш жас санаты бойынша рекордтық нәтиже көрсетті, — деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.
Қазақстан намысын жеті команда қорғады. Жоғары санатта (12–18 жас) Алматы қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің PID командасы еліміз тарихында тұңғыш рет жарыстың финалына өтіп, екі марапат иеленді — Motivate Award Winner және Division Finalist Award.
Алматыдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің CRISTABOL командасы техникалық және техникалық емес дағдылардың үздік үйлесімі үшін берілетін ең беделді марапат — INSPIRE Award-ты жеңіп алды. Sana Team (Алматыдағы Білім-инновация лицейі) және Jeltoqsun (Қарағанды қаласындағы «Мұрагер» мектебі) командалары роботтар ойыны бойынша 258 команданың ішінен ТОП-20 қатарына енді.
Орта санатта (10–16 жас) — FIRST LEGO League Challenge турнирінде Астана қаласындағы «Skillset» мектебінің SKILLSET командасы Champions Award номинациясы бойынша финалист атанды. Қарағандыдағы «Мұрагер» мектебінің RASSLEXX командасы Coopertition Award Winner марапатын жеңіп алды.
Кіші санатта (6–10 жас) — FIRST LEGO League Explore бойынша Павлодар қаласындағы «Сатурн» мектебінің ATLANTIS командасы Team Model Award марапатына ие болды.
FIRST Global Challenge чемпионатының ерекшелігі — бұл жарысқа әртүрлі жас деңгейіндегі бірнеше команда қатысады. Қазақстан бұл чемпионатқа небәрі бес жылдан бері қатысып келеді. Соған қарамастан, ондаған жылдық тәжірибесі бар мемлекеттермен тең дәрежеде бәсекеге түсудеміз, — деді USTEM Foundation қорының жетекшісі Асылбек Мұрзахметов.
Еске сала кетейік, чемпионаттың ұлттық ұйымдастырушылары — ҚР Оқу-ағарту министрлігінің тікелей қолдауымен «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы мен «USTEM» қоғамдық қоры.
2024-2025 оқу жылы
Қорытынды ақпарат
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен қазақстандық оқушылар 2025 жылдың 15-19 сәуір күндері АҚШ-тың Хьюстон қаласында (Техас штаты) өтетін ең ірі «First Robotics» робототехника бойынша Халықаралық чемпионатына (бұдан әрі – Чемпионат) қатысты.
Чемпионаттың мақсаты – оқушылардың зияткерлік, шығармашылық, инженерлік-техникалық әлеуетін ашу, шығармашылық ойлауды дамыту және түпкілікті цифрлық технологияларды қолдану арқылы алға қойылған мақсаттар мен міндеттерді шешуге стандартты емес көзқарасты дамыту, ғылыми-техникалық дағдыларды арттыру және мектеп оқушыларының робототехника және сенсорлық саласындағы техникалық жобалау мен бағдарламалауға ынтасын арттыру.
Чемпионатқа қатысу құқығын оқушылар 2025 жылғы 21-23 ақпан күндері Алматы қаласында өткен Central Asia FIRST Championship халықаралық ғылыми жобалар байқауында жеңіп алған. Нәтижесінде 7 команда Америкаға жолдама алды:
- Павлодар қаласындағы «Сатурн» жеке мектебінің «Atlantis» командасы;
- Астана қаласындағы «Skillset» жеке мектебінің «Skillset» командасы;
- Қарағанды облысы білім басқармасының «Мұрагер» мамандандырылған мектеп-интернатының «JelToqSun» және «Rasslexx» командалары;
- Алматы қаласы Білім басқармасының «Білім-инновация» лицей-интернатының «Sana team» командасы;
- Алматы қаласы, химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің «Cristabol» командасы;
- Алматы қаласы, физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің «PID» командасы.
110 елден 50 000-нан астам жас инженер мен өнертапқышты жинаған биылғы чемпионаттың тақырыбы — суасты әлемін зерттеу және қорғау.
Қазақстандық командалар өз білімдері мен біліктіліктерін жоғары деңгейде көрсетіп, келесі марапаттарға ие болды:
- «Atlantis» командасы – Team Model Award;
- «Skillset» командасы – Champions Award Finalist;
- «Rasslexx» командасы – Coopertition Award Winner;
- «Cristabol» командасы шығармашылық, инженерлік ойлау және команда рухын жоғары деңгейде көрсеткені үшін - INSPIRE AWARD номинациясы бойынша III орын иегері атанды.