2025 жылғы 25-30 мамыр аралығында Босния және Герцеговинаның Сараево қаласында өткен Халықаралық Балқан математикалық олимпиадасында BMO қазақстандық жас математиктер үздік нәтиже көрсетті. Олимпиадаға Балқан түбегі елдері мен қонақ мемлекеттерден келген 22 елдің дарынды оқушылары қатысты.
Қазақстан ұлттық құрамасының барлық мүшесі жүлделі орындарға ие болып, ел қоржынына үш күміс және үш қола медаль әкелді.
Жүлдегерлердің есімі:
Сахипов Амир – Алматы қаласындағы РФММ 11-сынып оқушысы – күміс медаль;
Шарел Марғұлан – Астана қаласындағы Spectrum International School мектебінің 11-сынып оқушысы – күміс медаль;
Үсенов Эльдар – Алматы қаласындағы ФМБ НЗМ 10-сынып оқушысы – күміс медаль;
Нурланов Дамир – Ақтау қаласындағы ХМБ НЗМ 12-сынып оқушысы – қола медаль;
Аманжолов Амирлан – Алматы қаласындағы Haileybury Almaty мектебінің 11-сынып оқушысы – қола медаль;
Орынбасар Бердібек – Атырау облысы №1 «Білім-инновация» лицей-интернатының 10-сынып оқушысы – қола медаль.
Жетекшілер:
Асылбек Абдиашимович Исахов – есептеу теориясы бойынша PhD докторы, «Компьютерлік ғылымдар және информатика» мамандығының доценті, Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің ректоры – басқарма төрағасы;
Мұхтар Төлеуұлы Қабақ – Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушысы.
Күміс жүлдегер Марғұлан Шарелдің айтуынша, Балқан олимпиадасына қатысу – оның білім жолындағы кезекті белесі әрі үлкен жауапкершілікті жүктейді:
«Бұл менің алғашқы халықаралық додам емес, сондықтан ел намысын қорғаудың қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінемін. Мұндай сайыстар тек білімді емес, шыдамдылықты, жігерді де талап етеді. Осындай мүмкіндіктер үшін мемлекетке зор алғысымды білдіремін. Сондай-ақ бізге бағыт-бағдар беріп, жан-жақты дайындаған ұстаздарым мен жаттықтырушыларға ерекше алғыс айтамын. Сол кісілердің еңбегі мен қолдауының арқасында біз халықаралық деңгейде сенімді өнер көрсете алдық», – дейді ол.
Айта кету керек, BMO олимпиадасына қатысу – ұлттық құраманың биылғы 10-20 шілде аралығында Австралияның Квинсленд қаласында өтетін Халықаралық математикалық олимпиадаға IMO дайындық жолындағы маңызды баспалдағы саналады.
Анықтама үшін: Халықаралық Балқан математикалық олимпиадасы жыл сайын Балқан түбегі елдерінің қатысуымен өткізіледі. Қазақстан бұл зияткерлік жарысқа 2010 жылдан бастап қонақ ел ретінде қатысып келеді.
Математиктерді құттықтаймыз!