2025 жылғы 11-14 мамыр аралығында Жамбыл облысында математика пәні бойынша 7-8 сынып оқушыларына арналған «ОЙЛАН, ТАП!» атты республикалық олимпиада өтеді. Аталған білім сайысы Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың тікелей тапсырмасымен тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр.
Олимпиаданың басты мақсаты – оқушыларды ғылымға ерте тарту, олардың жаратылыстану-математикалық қабілеттерін дамыту және білім мен ғылым арасындағы сабақтастықты нығайту.
Олимпиадаға еліміздің әр өңірінен іріктеліп алынған 150-ге жуық 7-8 сынып оқушылары мен 80-нен астам педагогтер қатысады. Жарыс барысында олар логикалық және шығармашылық тапсырмалар арқылы өздерінің пәндік білімдері мен ойлау қабілеттерін сынайды. Сонымен қатар, оқушылар академиктің өмірі мен ғылыми мұрасымен танысып, ұстаздар және сала мамандарымен еркін пікір алмасуға мүмкіндік алады.
Сайыс аясында математика пәнінің мұғалімдері мен оқушылар жетекшілеріне арналған «Олимпиадалық есептерді шешудің тиімді жолдары» атты әдістемелік семинар өткізіледі. Бұл семинар ұстаздарға тәжірибе алмасуға, кәсіби шеберліктерін арттыруға жол ашады.
Академик М.Өтелбаев атындағы «ОЙЛАН, ТАП!» республикалық олимпиадасы – отандық ғылымның дамуына елеулі үлес қосқан көрнекті математиктің есімін ұлықтап, жас буынды сапалы білім мен терең ойға жетелеуге арналған маңызды бастама.
Олимпиада ұйымдастырушылары: ҚР Оқу-ағарту министрлігі мен Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы және Жамбыл облысы білім басқармасы.