Бразилияның Белу-Оризонти қаласында өткен химиядан 59-шы Халықаралық Менделеев олимпиадасында Қазақстан құрамасы жоғары нәтиже көрсетіп, 11 жүлдені ел қоржынына салды. Жарысқа 40-тан астам мемлекеттен келген оқушылар қатысып, білім мен тәжірибелерін көрсетті.
Қазақстан құрама командасының сапында өнер көрсеткен оқушылардың барлығы жүлделі орындарға ие болды. Олар, 7 күміс және 4 қола медальмен марапатталды. Бұл – еліміздің білім беру саласындағы жүйелі жұмыстың нәтижесі мен оқушылардың ғылыми дайындық деңгейінің жоғары екенінің дәлелі.
Айрықша атап өтерлігі – Маңғыстау облысындағы «Білім-Инновация» лицей-интернатының 10-сынып оқушысы Мендіғали Қалдыбай «Award for the Best Score in the Practical Exam» арнайы жүлдесіне ие болды. Ол практикалық кезеңде барынша жоғары нәтиже көрсетіп, зертханалық дәлдік, сенімділік және шеберлігімен ерекшеленді.
Айта кету керек, «Ең үздік практик» атағы бұған дейін де қазақстандық оқушыларға бұйырған болатын. Атап айтқанда, 2023 жылы елордалық оқушы Алихан Смет аталған марапатқа ие болған еді.
Халықаралық білім додасындағы бұл жетістіктер – шәкірттеріміздің қажырлы еңбегі мен ұстаздардың кәсіби шеберлігінің, сондай-ақ елімізде дарынды балаларды дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдаудың жемісі.
Қазақстандық жас химиктерді, олардың жетекшілерін және білім ордаларын осынау зор табыстарымен құттықтаймыз. Жаңа ғылыми жетістіктер мен биік белестер тілейміз!