Мұхтарбай Өтелбаев атындағы 7-8 сынып оқушыларына арналған республикалық «Ойлан, тап!» математикалық олимпиадасы қорытындыланды

📚Тараз қаласында 7-8 сынып оқушыларына арналған алғашқы республикалық «Ойлан, тап!» математикалық олимпиадасы өз мәресіне жетті. Зияткерлік бәсеке көрнекті ғалым, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, академик Мұхтарбай Өтелбаевтың құрметіне арналды.

👩🏻‍🎓👨🏻‍🎓2025 жылдың 11-14 мамыры аралығында өткен бұл олимпиадаға еліміздің барлық өңірлерінен келген 150-ге жуық оқушы, 50 команда жетекшісі, академиктің ғылыми шәкірттері – танымал ғалымдар, ардагер ұстаздар, сондай-ақ «The Ulytau Educational Foundation» қорының өкілдері қатысты.

🕹️Олимпиаданың негізгі мақсаты – дарынды оқушыларды ерте жастан қолдау, олардың ғылыми-танымдық әлеуетін арттыру, теориялық білімдері мен практикалық машықтарын ұштау, сондай-ақ академик Мұхтарбай Өтелбаев сынды тұлғалардың ғылыми мұрасын жас ұрпақ арасында кеңінен насихаттау.

🎓Олимпиаданың жабылу салтанатына академик Мұхтарбай Өтелбаевтың өзі қатысып, жас зияткерлерге сәттілік тілеп, олардың білімге деген құштарлығын ерекше атап өтті.

🧠Қазылар алқасының шешімімен 64 жеңімпаз бен жүлдегер І, ІІ және ІІІ дәрежелі дипломдармен және медальдармен, ал ерекше жетістікке жеткен 14 оқушы грамоталармен марапатталды. Сонымен қатар, облыстық ұйымдастыру комитеті атынан бағалы сыйлықтар берілді:

🥇 І орын иегері 13 оқушыға – Apple Watch смарт сағаты,

🥈 ІІ орын алған 20 оқушыға – AirPods құлаққабы,

🥉 ІІІ орын иеленген 31 оқушыға – портативті проектор.

🏅Абсолютті чемпиондар:

Саурбаев Динмұхамед – Алматы қаласы, Nurorda мектебінің 7-сынып оқушысы;

Күнғожин Абзал – Алматы қаласы, РФММ 8-сынып оқушысы. Оларға академик атынан ноутбук және олимпиада демеушісі атынан iPad табысталды.

🏆«Ең үздік команда – 2025» атағы және ауыспалы кубок Ақтөбе облысының командасына бұйырды.

📋«Балдәурен – Тау самалы» оқу-сауықтыру орталығының директоры Тукеев Қайрат Серікұлы орталықтың екі жолдамасын Астана қаласы «Binom school» мектеп-лицейінің 7-сынып оқушысы Қасымжомарт Сүлейменге және Жамбыл облысы Ғани Мұратбаев атындағы гимназияның 7-сынып оқушысы Сағымбай Нұрдәулетке табыстады.

🍀Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерді шын жүректен құттықтаймыз!

🔀Олимпиаданы ұйымдастырушылар: ҚР Оқу-ағарту министрлігі мен Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы, Жамбыл облысының білім басқармасы және өңірлік «Жамбыл дарыны». Олимпиаданың демеушісі «The Ulytau Educational Foundation» қоры.

🖲️Анықтама: Мұхтарбай Өтелбаев – физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академигі. Ол – қазақстандық математиканың дамуына сүбелі үлес қосқан, халықаралық деңгейде мойындалған көрнекті ғалым.