Тараз қаласында 9-11 сынып оқушыларына арналған IX республикалық «Шерхан Мұртаза оқулары» ғылыми-шығармашылық байқауы өз мәресіне жетті. Ел руханияты мен әдебиетіне өлшеусіз үлес қосқан халық жазушысы, қоғам және мемлекет қайраткері Шерхан Мұртазаның шығармашылығын жас ұрпаққа насихаттауды мақсат еткен бұл байқау жыл сайынғы дәстүрге айналған.
Биылғы байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен іріктелген 50-ге жуық талапты оқушы қатысып, үш бағыт бойынша сынға түсті. Жас зерттеушілер мен шығармашыл жастар жазушының драмалық туындыларына әдеби-теориялық талдау жасап, авторға арналған арнау өлеңдер жазып, ғылыми жобалар арқылы Шерхан Мұртазаның публицистикалық, прозалық, философиялық мұрасына терең бойлады.
Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің ректор гранты Алматы қаласы, Абай атындағы республикалық мамандандырылған мектеп-интернаттың 10-сынып оқушысы Ғұмырзақ Бекасылға бұйырды.
Сонымен қатар, байқау қорытындысы бойынша үздік деп танылған оқушылар Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының дипломдарымен марапатталды:
І дәрежелі диплом – 3 жеңімпазға,
ІІ дәрежелі диплом – 6 жүлдегерге,
ІІІ дәрежелі диплом – 10 оқушыға табысталды.
Барлық жүлдегерлер бағалы сыйлықтармен марапатталды, ал байқауға қатысқан барлық оқушыларға Шерхан Мұртазаның көркем әдеби кітаптары тарту етілді.
Байқауды ұйымдастырушылар – ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы, Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университеті және Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы.
Анықтама үшін:
Байқаудың басты мақсаты – Шерхан Мұртаза шығармашылығын терең зерттеп, оның қайраткерлік бейнесі арқылы жас ұрпақтың ұлттық болмысын қалыптастыру. Сонымен қатар, оқушыларды отаншылдыққа, сөз қадірін түсінуге тәрбиелеу және елдік мұрат жолында ой толғай алатын буынды өсіру.
Сонымен қатар, Шерхан Мұртазаның «Халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтау – қалам ұстаған адамның қарызы» деген ұлағатты сөзін темірқазық еткен жас буынның әдебиетке, ұлт руханиятына деген шынайы ықыласының көрінісі.