Қазақстандық төрт оқушы жасөспірімдер арасындағы Балқан математикалық олимпиадасында ең үздік атанды

🇲🇰 Солтүстік Македонияда жасөспірімдерге арналған Балқан математикалық олимпиадасы (JBMO) өз мәресіне жетті.

🏆Қазақстан құрамасы жарысқа қатысу тарихындағы ең үздік нәтижесін көрсетіп, төрт алтын, бір күміс және бір қола медаль жеңіп алды. Командалық есепте 24 ел қатысушылары арасында біздің оқушыларымыз екінші орынды иеленді.

🏆Жеңімпаздар:

🥇Ануар Ағыбаев – Алматы қаласындағы NurOrda халықаралық мектебінің 9-сынып оқушысы;

🥇Александр Олейников – Алматы қаласындағы NurOrda халықаралық мектебінің 9-сынып оқушысы;

🥇Жәңгір Булат – Алматы қаласындағы Республикалық физика-математика мектебінің 8-сынып оқушысы;

🥇Батырхан Бейғанов – Алматы қаласындағы Республикалық физика-математика мектебінің 9-сынып оқушысы;

🥈Нұртай Мәлік – Ақтөбе облыстық «Білім-инновация» лицей-интернатының 9-сынып оқушысы;

🥉Мирас Кеңесбек – Қарағанды облыстық «Білім-инновация» лицей-интернатының 9-сынып оқушысы.

🧑‍🏫 Құраманың жетекшілері: Талдықорған қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің математика пәні мұғалімі Сергей Полянских және «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының әдіскері Перизат Саутбекова.

Анықтама үшін: JBMO – 16 жасқа дейінгі оқушыларға арналған беделді халықаралық олимпиада. Қатысушы елдердің қатарында Албания, Болгария, Грекия, Румыния, Сербия және басқа да мемлекеттер бар. Қазақстан бұл додаға 2004 жылдан бері қатысып келеді және дәстүрлі түрде үздіктер қатарында. Өткен жылы Түркияда өткен олимпиадада команда 6 медаль жеңіп алған болатын.

👏Жас математиктерімізді және оларды дайындаған ұстаздарды жеңістерімен құттықтаймыз!

Жасөспірімдер арасындағы математикадан Балқан олимпиадасы (JBMO)-еуропалық елдердің оқушыларына арналған халықаралық математикалық сайыс болып табылады. Бұл сайысқа Балқан түбегіндегі орналасқан елдер, атап айтқанда, Албания, Босния және Герцеговина, Болгария, Кипр, Македония, Грекия, Молдова Республикасы, Черногория Республикасы, Румыния, Сербия қатысады. Қазақстан географиялық тұрғыдан Оңтүстік-Шығыс Еуропада орналаспағаннан кейін бұл зияткерлік сайысқа қонақ ел ретінде қатысады.

Аталған олимпиаданың ерекшелігі-бұл сайысқа 16 жастан аспаған мектеп оқушылары ғана қатыса алады.

Қазақстан ұлттық құрама командасы алғаш рет Олимпиадаға 2004 жылы Сербияда қатысып, 3 жүлдеге: 1 алтын мен 2 күміс медальдарға ие болды.

Жыл сайын Қазақстан Республикасының құрамасы 6 оқушыдан қалыптасады.

2024 жылы Жасөспірімдер арасындағы математикадан Балқан олимпиадасы Түркияның Анталия қаласында өтті. Олимпиада нәтижесі бойынша біздің құрама 2 алтын, 3 күміс және 1 қола медаль жеңіп алды.

Биылғы оқу жылында Олимпиада 24–29 маусым аралығында Солтүстік Македонияның Охрид және Струга қалаларында өтеді.