ЖАСТАР ЖЕТІСТІГІ – ЕЛ МЕРЕЙІ

Бүгін Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халықаралық пән олимпиадаларының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін қабылдап, олардың білім жолындағы табыстарын жоғары бағалады. Президент дарынды ұл-қыздарды, ең алдымен, білім әлеміндегі жеңістерімен құттықтап, Қазақстанның атын әлемге паш еткен жас зияткерлерге ризашылығын білдірді.

– Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығу, әлемдік жарыста жеңіске жету оңай емес. Мұндай биікке білімге деген ұмтылыстың, табандылық пен қажырлы еңбектің арқасында ғана қол жеткізуге болады. Әр жеңіс, әр медаль – тынымсыз ізденістің, маңдай тердің және үздіксіз дайындықтың жемісі, – деді Мемлекет басшысы.

2024-2025 оқу жылында 1712 қазақстандық оқушы 34 халықаралық олимпиадаға қатысып, 1002 жүлдеге қол жеткізді. Оның ішінде – 193 алтын, 348 күміс және 461 қола медаль бар. Әсіресе, беделді жеті зияткерлік сындарда (IMO, IChO, IPhO, IOI, IOL, IBO, IGeO) Қазақстан құрамасы 27 медаль жеңіп алды: 4 алтын, 13 күміс және 10 қола. Бұл – өткен жылғы көрсеткіштен жоғары (2024 жылы – 26 медаль: 2 алтын, 12 күміс, 12 қола). Жыл соңына дейін қазақстандық зияткерлер төрт халықаралық олимпиадаға қатыспақ.

Дарынды оқушылардың әлеуетін толық ашу мақсатында ұлттық құраманың резервіне 300 кандидат енгізіліп, олардың дайындығын жетілдіру үшін 32 оқу-жаттығу жиыны ұйымдастырылды. Солардың 105-і биылдың өзінде ел намысын халықаралық аренада абыроймен қорғап үлгерді.

Қазақстан құрамасы жеті ірі халықаралық олимпиаданың жалпыкомандалық есептерінде де жоғары нәтижелер көрсетті: географиядан (iGeo) – әлемде 2-орын, химиядан (IChO) – 90 елдің ішінде 9-орын, информатикадан (IOI) – 87 елдің ішінде 14-орын, математикадан (IMO) – 112 елдің ішінде 17-орын, физикадан (IPhO) – 90 елдің ішінде 17-орын, биологиядан (IBO) – 81 елдің ішінде 27-орын. Сонымен бірге, жас экономистеріміз Экономикадан халықаралық олимпиаданың (IEO) бизнес-кейс байқауында әлем бойынша 8-орынға табан тіреді, ал қазақстандық оқушылар Балқан математикалық олимпиадасында үздік үштікке енді.

Мемлекет басшысы дарынды балаларды қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалардың елдің зияткерлік әлеуетін арттырудағы маңызын атап өтіп, ұстаздар мен ата-аналарға алғысын жеткізді. Президенттің айтуынша, білімді әрі бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу – Қазақстанның болашағын айқындайтын басты міндет.

Мемлекетіміздің дарынды балаларды қолдауға бағытталған жүйелі саясаты үшін еліміздің жас зияткерлері, олардың ата-аналары, ұстаздары мен жаттықтырушылары атынан шынайы алғысымызды білдіреміз. Бұл қамқорлық – Қазақстанның зияткерлік әлеуетін айқындап қана қоймай, оны жаңа биіктерге жетелейтін қуатты күш. Біз алдағы уақытта да осы сенімді ақтап, ел игілігі жолында білім мен ғылымның көкжиегін кеңейтуге, халықаралық аренада Қазақстанның абыройын асқақтатуға бар күш-жігерімізді жұмсай беретінімізге нық сендіреміз.

Жастарымыздың халықаралық аренадағы жарқын жеңістері – еліміздің мерейін үстем етіп, әлемдік білім кеңістігіндегі беделін нығайта түсуде.

Гаждембек Тұрсынов, «Дарын» РҒПО директоры