Еліміздің ең дарынды оқушылары «XXI ғасыр көшбасшысы» жобасының кезекті маусымында сынға түседі

Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен «Хабар» Агенттігімен «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы 2025-2026 оқу жылында 11-12 сынып оқушыларына арналған «XXI ғасыр көшбасшысы» интеллектуалдық ойынының кезекті маусымын бастайды.

🎯Жобаның негізгі мақсаты – оқушылардың білімге деген қызығушылығын арттыру, жоғары интеллектуалдық қабілеті бар дарынды жастарды анықтап, қолдау көрсету және еліміздің зерделі әлеуетін қалыптастыру.

📚Зияткерлік сайыс үш кезеңнен тұрады:

 Аудандық/қалалық кезең – қазан айының соңына дейін өткізіледі. Оған 25-100 оқушы қатысады;

 Облыстық кезең – қараша мен ақпан аралығында өтеді. Әр ауданнан 10 үміткер, сондай-ақ Назарбаев Зияткерлік мектептері мен республикалық білім беру ұйымдарынан 3 оқушыдан артық емес;

 Республикалық кезең – наурыз-сәуір айларында өтеді. Әр облыстан 5, республикалық маңызы бар қалалардан 7-8 оқушы бақ сынайды.

Ойынның тапсырмалары жалпы білім, логика, музыка, өнер және спорт тақырыптарын қамтиды. Республикалық кезеңнің тапсырмаларын «Хабар» Агенттігі әзірлейді.

Аудандық және қалалық кезеңнің қатысушыларына өңірлік ұйымдастырушылар сертификаттар табыс етсе, облыстық кезең жеңімпаздары білім басқармаларының марапаттарына ие болады. Ал республикалық кезеңнің үздіктері Оқу-ағарту министрлігінің алғыс хаттарымен, «Хабар» Агенттігінің дипломдары және бағалы сыйлықтарымен марапатталады.

Анықтама үшін:

«XXI ғасыр көшбасшысы» – «Хабар» Агенттігінің төл жобасы. Интеллектуалдық телеойын алғаш рет 1999 жылы эфирге шыққан. Өткен маусымда көрерменге 22 телебағдарлама ұсынылған болатын. 2024-2025 оқу жылының қорытындысы бойынша финалға шыққан 6 үміткердің арасынан 3 жеңімпаз анықталған. Олар еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының білім гранттарына ие болды. Қалған үш финалист Оқу-ағарту министрінің алғыс хаттарымен және «Хабар» Агенттігінің қаржылай сыйақысымен марапатталды.