Әбіш мұрасын ұлықтаған тағылымды байқау қорытындыланды

✍🏻 Ақтау қаласында өткен «Әбіш оқулары» республикалық ғылыми-шығармашылық конкурсы өз мәресіне жетті. Үш күнге созылған рухани-танымдық іс-шараға еліміздің 21 өңірінен келген 8-11 сыныптың 177 оқушысы қатысып, көрнекті қаламгер, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаевтың бай әдеби мұрасын терең зерделеді.

📚 Байқау барысында жас дарындар жазушы шығармашылығын әр қырынан танытып, көркемсөз оқу, ғылыми-зерттеу жобаларын қорғау, сахналық қойылымдар көрсету, иллюстрациялық сурет салу және ақындар мүшәйрасы бағыттары бойынша бақ сынады. Қатысушылардың шығармашылық ізденісі мен әдеби талғамы олардың ұлттық руханиятқа деген құрметін айқын аңғартты.

🧩Конкурс аясында ұйымдастырылған мәдени-танымдық бағдарламалар да жас өрендерге ерекше әсер сыйлады. Қатысушылар Маңғыстау өңірінің тарихи-рухани орындарын аралап, Әбіш Кекілбайұлының туған жерімен танысты. Бұл сапарлар олардың рухани көкжиегін кеңейтіп, ұлттық әдеби мұраға деген қызығушылығын арттыра түсті.

🥇🥈🥉Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдармен, грамоталармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Атап айтқанда, І дәрежелі дипломды 17 жеңімпаз, ІІ дәрежелі дипломды 26 жүлдегер, ал ІІІ дәрежелі дипломды 39 қатысушы иеленді.

🏆 Сонымен қатар, командалық есеп бойынша да үздік өңірлер анықталды. «Үздік команда» номинациясы бойынша І орын Маңғыстау облысының құрамасына бұйырды. ІІ орынды Батыс Қазақстан және Жетісу облыстарының командалары өзара бөліссе, ІІІ орын Қостанай және Түркістан облыстарының командаларына табысталды.

⛓️‍💥 Іс-шара Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының қолдауымен Маңғыстау облысының білім басқармасы және «Каспий дарыны» өңірлік орталығының ұйымдастыруымен өтті.