«Қазақстан – ата жұртым, қасиетім – ана тілім» халықаралық олимпиадасы алты елден келген жас қандастардың басын қосты

📍Бурабай өңірінде қазақ диаспорасы балаларына арналған қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен «Қазақстан – ата жұртым, қасиетім – ана тілім» атты ХХІІІ халықаралық олимпиадасы қорытындыланды.

👨🏻‍🎓👩🏻‍🎓Дәстүрлі халықаралық білім додасына Қытай Халық Республикасы, Моңғолия, Өзбекстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Түрікменстан және Ресей Федерациясынан келген 60-тан астам дарынды оқушы қатысты.

📚Олимпиада үш кезең бойынша ұйымдастырылды. Қатысушылар берілген тақырыпта эссе жазып, «Тарихи таным» бағыты бойынша ғылыми жобаларын қорғады және «Ұлтымды сүйемін» тақырыбында шығармашылық таныстырылымдарын ұсынды. Байқау барысында оқушылар тілдік құзыреттілігін, зерттеушілік дағдыларын, шығармашылық қабілеттерін және ұлттық құндылықтарды терең меңгергенін көрсетті.

🥇🥈🥉📜Олимпиада қорытындысы бойынша 7 оқушы Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің І дәрежелі дипломымен және алтын медалімен, 11 оқушы ІІ дәрежелі дипломымен және күміс медалімен, 18 оқушы ІІІ дәрежелі дипломымен және қола медалімен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Жоғары нәтиже көрсеткен 15 қатысушыға грамоталар табысталды. Сондай-ақ үздік 3 қатысушыға еліміздің жоғары оқу орындарының білім беру гранттары ұсынылды.

💡«Қазақстан – ата жұртым, қасиетім – ана тілім» халықаралық олимпиадасы шетелдегі қазақ диаспорасы балаларының ана тіліне деген құрметін арттыруға, ұлттық болмысын сақтауға, тарихи Отанымен рухани байланысын нығайтуға және дарынды жастарды қолдауға бағытталған маңызды халықаралық білім беру жобаларының бірі болып табылады. Олимпиада шетелдегі қазақ жастарының өзара тәжірибе алмасуына, шығармашылық әлеуетін дамытуына және ұлттық құндылықтарды дәріптеуіне мүмкіндік беретін тиімді халықаралық алаң ретінде өз маңызын айқындап келеді.

💫Қазақ диаспорасының дарынды жастарын жеңістерімен құттықтаймыз!