«Ғылыми жобаны әзірлеудегі жасанды интеллект: идеядан зерттеу өніміне дейін» тақырыбында республикалық семинарының ақпарат хаты

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми – практикалық орталығы 2026 жылдың 28-29 қазан аралығында Қостанай қаласы «Озат» мамандандырылған мектеп-лицей-интернаты базасында білім беру ұйымдарының педагогтеріне арналған  «Ғылыми жобаны әзірлеудегі жасанды интеллект: идеядан зерттеу өніміне дейін» тақырыбында республикалық семинар өткізеді.

Семинардың мақсаты – оқушылардың ғылыми-зерттеу жұмыстарына жетекшілік ететін педагогтердің құзыреттілігін арттыру; зерттеу идеясын қалыптастырудан бастап нәтижелерін практикалық өнімге айналдыруға дейінгі кезеңдерде жасанды интеллект құралдарын ғылыми негізделген, тиімді әрі жауапкершілікпен қолдану бойынша әдістемелік қолдау көрсету.

Семинардың міндеттері:

– Ғылыми жобаны жоспарлау мен жүзеге асыру кезеңдерінде жасанды интеллект құралдарын қолданудың мүмкіндіктері мен шектеулерін таныстыру.

– Зерттеу мәселесін анықтау, тақырыпты нақтылау, мақсат пен міндеттерді тұжырымдау, гипотеза ұсыну және зерттеу әдістерін таңдау бойынша педагогтердің практикалық дағдыларын жетілдіру.

– Ғылыми ақпаратты іздеу, дереккөздердің сенімділігін бағалау, деректерді жүйелеу, талдау және нәтижелерді көрнекі ұсынуда жасанды интеллект құралдарын қолдану тәсілдерін көрсету.

– Зерттеу нәтижелеріне негізделген цифрлық және өзге де практикалық өнімдерді әзірлеу, сынақтан өткізу және олардың тиімділігін бағалау жолдарын ұсыну.

– Ғылыми жобаларда академиялық адалдықты, авторлық құқықты және дербес деректердің қорғалуын сақтау, жасанды интеллект көмегін ашық көрсету және оқушының дербес зерттеушілік үлесін қамтамасыз ету қағидаттарын түсіндіру.

– Оқушылардың ғылыми-зерттеу қызметін ұйымдастырудағы озық педагогикалық тәжірибелермен алмасу және педагогтердің кәсіби ынтымақтастығын дамыту.

Семинарға қатысу үшін білім беру ұйымдарының педагогтері шақырылады.

Семинар қорытындысы бойынша қатысушыларға ҚР Оқу-ағарту министрлігі «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының сертификаты табысталады.

Ұсынылған квотаны сақтай отырып, (әр аймақтан 5 адамнан артық емес) білім басқармасының басшыларымен, аймақтық “Дарын” орталықтарының директорларымен бекітілген қатысушылар туралы сұранысты  о. ж. 15 қазан айына дейін төмендегі үлгі бойынша e.saltanat@daryn.kz электрондық поштаға жіберу қажет, сондай-ақ барлық қатысушылар http://tiny.cc/Kostsem2026  сілтеме арқылы тіркеуден өтуі тиіс.

№Қатысушының ата-жөні (толық)Жұмыс орныЛауазымыЕңбек өтіліТелефон, e-mail
      

Қатысушылардың келу күні – 27 қазан, семинардың басталуы – 28 қазан, аяқталуы – 29 қазан сағат 18.00-ден кейін.

Іссапар шығындары (ұйымдастыру жарнасы 25 900 тенге,  жолы, тамақтануы) жіберуші тараптың есебінен төленеді.

Семинар қатысушыларына «Озат» ММЛИ жатын орындар тегін қарастырылған. Барлық сұрақтар бойынша осы номерге хабарласуға болады: 8 (7172) 576540