«Мектептегі робототехника: жобалау және оқушыларды дайындау» тақырыбында республикалық семинарды өткізу туралы ақпараттық хат

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми – практикалық орталығы 2026 жылдың 12-13 қараша аралығында Астана қаласы білім басқармасының «Әлімхан Ермеков атындағы №38 мектеп-лицей» базасында білім беру ұйымдарының педагогтеріне арналған «Мектептегі робототехника: жобалау және оқушыларды дайындау»  тақырыбында республикалық семинар өткізеді.

Семинардың мақсаты – информатика пәні мұғалімдері мен мектеп басшыларын оқушыларды республикалық және халықаралық жарыстарға сапалы дайындауға, жарыстарға дайындықтың тиімді жолдарын меңгеруге бейімдеу, сондай-ақ білім беру ұйымдарында робототехника мен жобалық оқытуды дамытуға қажетті жағдай жасау.

Семинардың міндеттері:

  1. Робототехника негіздері бойынша әдістемелік қолдау көрсету.
  2. Жобалық оқытуды сабақ үдерісіне енгізу тәсілдерін үйрету.
  3. Заманауи робототехникалық құралдармен практикалық жұмыс ұйымдастыру.
  4. Мұғалімдер арасында тәжірибе алмасу алаңын құру.
  5. Республикалық және халықаралық олимпиадаларға дайындықтың тиімді модельдерін талқылау.

Күтілетін нәтижелер:

  • Информатика пәні мұғалімдері робототехника мен жобалық оқытуды сабақта және сабақтан тыс жұмыста қолдану әдістерін меңгереді.
  • Мектеп директорлары мектепте робототехниканы дамытудың ұйымдастырушылық, кадрлық және материалдық-техникалық шарттары туралы түсінік алады.
  • Қатысушылар әдістемелік материалдар мен практикалық тапсырмаларды талқылайды.
  • Оқушыларды ғылыми-зерттеу және инновациялық жобаларға тартудың нақты құралдарын игереді.
  • Кәсіби байланыстар орнатып, республикалық деңгейдегі педагогтер қауымдастығына қосылады.

Семинар бағдарламасы мыналарды қамтиды:

  • ресми ашылу және мектептік робототехниканы дамытуға әрі оқушыларды жарыстарға дайындауға арналған пленарлық сессия (12 қараша);
  • 1-модуль «Оқу үдерісіндегі робототехника: әдістемелік негіздер және енгізу шарттары» (12 қараша);
  • 2-модуль «Жобалық қызмет және оқушыларды жарыстарға дайындау» (12 қараша);
  • 3-модуль «Мектепте робототехниканы дамыту моделі: тәжірибеден жүйеге» (13 қараша):

    Семинарға қатысу үшін білім беру ұйымдарының педагогтері шақырылады.

Іс-шара соңында қатысушылар семинарға қатысқаны үшін ҚР Оқу-ағарту министрлігі «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының сертификатын алады.

Семинарға қатысу үшін білім басқармасының басшыларымен, аймақтық «Дарын» орталықтарының директорларымен бекітілген сұранысты а. ж. 31 қазан айына дейін төмендегі үлгі бойынша b.seidimkhan@daryn.kz электрондық поштаға жіберу қажет, сондай-ақ барлық қатысушылар http://tiny.cc/RoboSem2026 сілтеме арқылы тіркеуден өтуі тиіс.

№Қатысушының ата-жөні (толық)Жұмыс орныЛауазымыЕңбек өтіліТелефон, e-mail
      

Қатысушылардың келу күні – 11 қараша, семинардың басталуы – 12 қараша, аяқталуы – 13 қараша сағат 18.00-ден кейін.

Іссапар шығындары (ұйымдастыру жарнасы 25 900 тенге,  жолы, тамақтануы және жатын орны) жіберуші тараптың есебінен төленеді.Барлық сұрақтар бойынша осы номерге хабарласуға болады: 8 (7172) 576540