Мемлекет басшысына орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу жобасы таныстырылды

🇰🇿AI & Digital Bridge 2026 халықаралық форумы аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар таныстырылды.

🤖Мемлекет басшысының білім сапасын арттыру және қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты қысқарту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында жасанды интеллект мүмкіндіктерін білім беру үдерісіне жүйелі енгізуге ерекше назар аударылуда.

📚Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова және Sinovation Ventures пен 01.ai компанияларының бас атқарушы директоры Ли Кай-Фу жасанды интеллект технологияларын орта білім беру жүйесінде қолданудың негізгі тәсілдері мен мүмкіндіктерін таныстырды.

✍️Жоба педагогтердің жұмысын қолдауға, оқытуды әр оқушының жеке қажеттілігіне бейімдеуге, сондай-ақ ауылдық және шағын жинақты мектептер үшін сапалы білімнің қолжетімділігін арттыруға бағытталған.

👩‍🏫Бұл бағыттағы негізгі қағидат – жасанды интеллект мұғалімді алмастырмай, оның кәсіби мүмкіндіктерін кеңейтетін және білім сапасын арттыруға көмектесетін құрал болуы тиіс.

Қазақстан мен Германия техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуде

🤝Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Германияға ресми сапары барысында екі ел министрлері кәсіптік білім беру мәселелері бойынша кездесті. Қазақстанның Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Германияның Білім, отбасы, қарттар, әйелдер және жастар істері жөніндегі федералдық министрі Карин Принмен ынтымақтастықтың келешегін талқылады.

📝Кездесу қорытындысы бойынша министрлер техникалық және кәсіптік білім беру мен оқыту саласындағы ынтымақтастық ниеттері туралы бірлескен декларацияға қол қойды.

📚Кәсіптік білім беруді дамыту Президенттің Қазақстан-Германия бизнес-форумында сөйлеген сөзінің негізгі тақырыптарының бірі болды. Мемлекет басшысы Германияның дуалды білім беру жүйесін жоғары бағалап, ірі инвестициялық жобаларды іске асырумен тікелей байланысты Қазақстан-Германия өнеркәсіптік құзыреттер орталықтарының желісін құруды ұсынды.

🎓Кездесуде министрлер дуалды оқытуды дамыту, педагогтер мен студенттерге тағылымдама ұйымдастыру және екі ел колледждері арасында тәжірибе алмасу мәселелерін талқылады. Мамандар даярлау еңбек нарығының қажеттіліктеріне сай болуы үшін жұмыс берушілермен өзара іс-қимылды нығайтуға ерекше мән берілді.

🏭Әріптестіктің нақты тәжірибесі бар. Алматы құрылыс-техникалық колледжі көптеген жылдар бойы GROHE, KNAUF және BOSCH компанияларымен ынтымақтастық орнатып келеді. Колледж базасында заманауи құзыреттер орталықтары жұмыс істейді. KNAUF компаниясымен 20 жылдан астам уақытқа созылған ынтымақтастық аясында екі мыңнан астам студент білім алды.

⌨️Кездесуде кәсіптік білім беруді цифрландыру және жасанды интеллектіні қолдану мәселелері де талқыланды. Қол қойылған декларация бірлескен жобаларды кеңейтуге, колледж студенттері мен педагогтерінің кәсіби дамуына жаңа мүмкіндіктер ашуға негіз болады.