Астанада «Цзянсу – Орталық Азия» Жастардың жасанды интеллект инновациялық орталығын құру мәселесі талқыланды

Бүгін Астана қаласындағы Оқушылар сарайының базасында «Цзянсу – Орталық Азия» Жастардың жасанды интеллект инновациялық орталығын құруға арналған халықаралық семинар өтті. Жаңа орталық дарынды жастарды қолдауға, инновациялық жобаларды іске асыруға және жасанды интеллект пен заманауи технологиялар саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге арналған алаңға айналады.

🇰🇿 Қазақстан тарапынан іс-шараға Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің орынбасары Шынар Ақбарова, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Тимур Давлет, Республикалық білім сапасын бағалау орталығының директоры Сейфулла Смайылов, Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев, сондай-ақ Оқу-ағарту министрлігінің, білім беру және ғылыми ұйымдардың өкілдері қатысты.

🇨🇳 Қытай делегациясын Цзянсу провинциясы Білім департаментінің басшысы Цзян Юн басқарды. Делегация құрамында Цзянсу провинциясы Білім департаментінің, Сучжоу университетінің, Нанкин индустриялық-кәсіптік техникалық университетінің, «Phoenix» баспа тобының және Нанкин инженерлік институтының өкілдері болды.

Семинар барысында тараптар Цзянсу провинциясының кәсіптік білім беру мен өндірісті ықпалдастыру тәжірибесін, бірлескен оқу-тәжірибелік базаларды құру перспективаларын, кәсіптік білім беру стандарттарын өзара тану мәселелерін, сондай-ақ экономиканың жоғары технологиялық салалары үшін кадрлар даярлау бағыттарын талқылады.

💡 Дарынды оқушыларды қолдау, зерттеушілік, инженерлік және цифрлық құзыреттерді дамыту, халықаралық академиялық ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ жастардың жасанды интеллект саласындағы білім беру және инновациялық жобаларға қатысу мүмкіндіктерін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

🤝 Кездесудің негізгі нәтижелерінің бірі ретінде «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы мен Цзянсу провинциясы Білім департаменті арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Құжат бірлескен білім беру бағдарламаларын дамыту, тәжірибе алмасу, инновациялық жобаларды жүзеге асыру және дарынды жастарды қолдауды көздейді.

Балаларды ғылымға ерте тарту – мемлекеттік басымдық

Бүгін «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы «Білім беру құқықтық қатынастарында Конституция нормаларын қолдану практикасы» мәселелері бойынша республикалық бірыңғай семинар аясында «Халықтық Конституция және білім беру: балаларды ғылымға ерте тарту – мемлекеттік басымдық» тақырыбында онлайн форматта жиналыс өткізді.

Жиынға өңірлік «Дарын» орталықтарының басшылары мен мамандары, мамандандырылған білім беру ұйымдарының директорлары, республикалық және халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері қатысып, жалпы саны 400-ге жуық адам қамтылды.

Іс-шараны «Дарын» РҒПО директорының орынбасары Абдрахманова Назира Кабдоллаевна ашып, білім беру саласында Конституция нормаларын қолданудың маңызына тоқталды. Ол өз сөзінде жаңартылған Конституция еліміздің демократиялық даму бағытын айқындайтын басты құқықтық құжат екенін атап өтіп, әр азаматтың сапалы білім алу құқығын қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі екенін жеткізді.

Астана қалалық «AMANAT» партиясының өкілі, Мемлекет тарихы институтының Еуразиялық және саяси зерттеулер бөлімінің басшысы, саяси ғылымдарының докторы, профессор Жексембекова Венера Абыханқызы «Халықтық Конституция» және білім мен ғылым саласындағы мемлекеттік саясат: Қазақстанның саяси жаңғыруының жаңа басымдықтары» тақырыбында баяндама жасап, Конституциялық реформалардың қоғамдық даму мен білім беру жүйесін жаңғыртуға ықпалына кеңінен тоқталды.

Сондай-ақ «Астана дарыны» орталығының директоры Бейсенбаева Жанар Мәулетқанқызы «Балаларды ғылымға ерте тарту – мемлекеттік басымдық: Астана қаласында дарынды балаларды анықтау және қолдау жүйесі» тақырыбында баяндама жасап, елордадағы дарынды балаларды ерте анықтау мен ғылымға баулу бағытындағы жүйелі жұмыстар туралы айтты.

Ал «Алматы дарыны» орталығы директорының орынбасары Кусаинова Қаламқас Базарханқызы оқушылардың мектепішілік кезеңнен халықаралық олимпиадаға дейінгі жетістік жолы жөнінде тәжірибесімен бөлісті.

Қорытындысында Конституция нормалары азаматтардың сапалы білім алу құқығын қамтамасыз етіп, құқықтық мәдениетті нығайту арқылы білім беру жүйесін жетілдіруге серпін беретіні атап өтілді.