«Цифрлық дәуірдегі математикалық олимпиада: тәжірибе, талдау және заманауи шешімдер» тақырыбында республикалық оқу семинарының ақпараттық хаты

Қазіргі таңда цифрлық технологиялар мен жасанды интеллекттің қарқынды дамуы білім беру үдерісіне жаңа мүмкіндіктер мен талаптар енгізуде. Математика пәнінен олимпиадалық дайындық барысында оқушылардың логикалық және сыни ойлау қабілеттерін дамыту, күрделі есептерді шешудің тиімді әдіс-тәсілдерін меңгерту және заманауи цифрлық ресурстарды пайдалану ерекше маңызға ие.

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы «Zerdeli» орталығымен бірлесіп, еліміздің математика пәні мұғалімдері үшін 2026 жылғы 26-27 қараша күндері Астана қаласында «Цифрлық дәуірдегі математикалық олимпиада: тәжірибе, талдау және заманауи шешімдер» тақырыбында республикалық оқу-әдістемелік семинарын (бұдан әрі – семинар) өткізеді.

Семинардың мақсаты – педагогтердің кәсіби құзыреттілігін жетілдіру, күрделі олимпиадалық есептерді талдау және шешудің тиімді әдіс-тәсілдерін меңгерту, олимпиадалық дайындықты ұйымдастырудың озық тәжірибелерімен алмасу және оларды практикада қолдану дағдыларын дамыту.

Семинар бағдарламасы аясында олимпиадалық есептерді шешудің заманауи әдістері, күрделі математикалық тапсырмаларды талдау ерекшеліктері, оқушыларды олимпиадаларға дайындаудың тиімді жолдары, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект құралдарын оқу үдерісінде қолдану мәселелері қарастырылады. Сонымен қатар педагогтерге тәжірибелік сабақтар, шеберлік сыныптары және әдістемелік жұмыстар ұсынылады.

Семинар Астана қаласы Білім басқармасының Әбіш Кекілбаев атындағы BINOM SCHOOL мектеп-лицейінің базасында өтеді (Астана қаласы, Есіл ауданы, Тұрар Рысқұлов көшесі, 20).

Білім басқармаларының басшыларымен, дарынды балалармен жұмыс жөніндегі өңірлік орталықтардың және мамандандырылған білім беру ұйымдарының директорларымен бекітілген қатысуға арналған сұраныстарды осы жылғы 16 қарашаға дейін қоса берілген үлгіге сәйкес g.berdenova@daryn.kz электрондық поштасына жіберулеріңізді сұраймыз.

Семинарға қатысушылардың әрқайсысы 16 қарашаға дейін http://tiny.cc/matem2026 сілтемесі бойынша жеке онлайн тіркеуден өтуі қажет.

Іс-шараға келу күні – 25 қараша, өту күндері – 26-27 қараша, аяқталуы – 27 қараша (сағат 17.00 -ден кейін).

Семинар қатысушыларына сертификаттар табысталады.

Іссапар шығындары жіберуші жақтың есебінен (жолы, тамақтануы, тұруы және ұйымдастыру жарнасы). Семинарға қатысу үшін ұйымдастыру жарна 25 900 теңгені құрайды.

Барлық сұрақтар бойыншабайланыс тел.: 8 (7172) 57-65-40.

№Қатысушының аты-жөніОблысыЖұмыс орныЖұмыс өтіліҚатысушының ЖСНЕmail, Байланыс телефоны