2021-2022 ОҚУ ЖЫЛЫНА МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН БІЛІМ БЕРУ ҰЙЫМДАРЫНА КОНКУРСТЫҚ ІРІКТЕУДІ ӨТКІЗУ ТУРАЛЫ БАСПАСӨЗ ХАБАРЛАМАСЫ

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы ағымдағы жылдың 1-20 маусым аралығында 2020-2021 оқу жылына мамандандырылған білім беру ұйымдарына оқуға конкурстық іріктеу өткізетіні жөнінде хабарлайды.

Конкурстық іріктеу Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 12 қазандағы № 564 «Бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес негізделеді.

Құжаттарды қабылдау және онлайн тіркелу qabyldau.daryn.kz сайтында 2021 жылдың 1 наурызы мен 25 сәуірі аралығында өтті.

Қазақстанның барлық өңірлері бойынша офлайн-тестілеу форматында өткізілетін 70 мамандандырылған білім беру ұйымына конкурстық іріктеу мамандандырылған мектептердің негізінде өткізілетін болады. Конкурс Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес профилактикалық және санитарлық-​эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, өткізіледі.

Конкурстық іріктеуге төртінші, бесінші, алтыншы сыныптарды бітірген оқушылар қатысады. Конкурстың тест тапсырмалары логикалық сипаттағы тапсырмаларды қоса алғанда, өткен жылдардың оқу бағдарламалары негізінде жасалған. Мамандандырылған мектептерге түсушілер үшін толық ақпарат qabyldau.daryn.kz сайтында орналастырылған.

Мамандандырылған мектептерге конкурстық іріктеуді өткізу кезінде академиялық адалдықты қамтамасыз ету үшін барлық өңірлерге «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының жауапты қызметкерлері комиссия құрамында және «Адалдық алаңы» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жобасының өкілдері жіберілетін болады. Емтихан өтетін мектептерде бейнебақылау камералары жұмыс істейтін болады.

Конкурстың қорытынды нәтижелері конкурстық комиссияның хаттамасымен рәсімделеп, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының qabyldau.daryn.kz сайтында және мамандандырылған білім беру ұйымының сайтында конкурс өткізілгеннен кейін келесі күннен кешіктірмей орналастырылады. Мамандандырылған білім беру ұйымына оқуға үміткерлерді қабылдау әрбір мамандандырылған білім беру ұйымының бөлінісінде бос орындарға сәйкес ең жоғары балл санынан алынады. Конкурстық іріктеу нәтижелері бойынша апелляция өткізілмейді.