2-4 СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫ АРАСЫНДА XIV РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «БАСТАУ» МАТЕМАТИКАЛЫҚ ТУРНИРІН ӨТКІЗУ ТУРАЛЫ БАСПАСӨЗ ХАБАРЛАМАСЫ

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы 2021 жылғы 15-19 маусым күндері аралығында 2-4 сынып оқушыларының арасында XІV республикалық «Бастау» математикалық турнирін (бұдан әрі – Турнир) өткізеді. Елдегі эпидемиологиялық ахуалдың тұрақсыздығына байланысты Турнир онлайн режимде өтеді.
Математикалық турнир – бұл мектепте математиканы оқытуды одан әрі жетілдіру және кіші буын оқушыларының осы пәнге деген қызығушылығын арттыру бойынша жүйелі жұмыстың бір түрі.
Турнирдің негізгі мақсаты бастауыш мектеп жасындағы математикалық дарынды балаларды анықтау, дамыту және қолдау, математика пәнінен бастауыш сынып оқушыларының білімін тереңдету және кеңейту болып табылады.
Турнирдің ең үздігі атану үшін Қазақстанның барлық облыстарынан, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларынан және «Назарбаев Зияткерлік мектептерінен», республикалық физика-математикалық мектептерінен, сондай-ақ «Бөбек» Ұлттық ғылыми-практикалық, білім беру және сауықтыру орталығынан, жеке білім ұйымдарының республикалық қауымдастық мектептерінен 2-4-сынып оқушылары арасында 144 қатысушы бәсекеге түсіп, бақтарын сынайды.
Турнир командалық сайыс түрінде 2 кезеңде өткізіледі: 1 кезең – аймақтық, 2 кезең – республикалық. Турнирдің республикалық кезеңі ZOOM платформасының көмегімен және мына сайтта http://physmathacademy.eduterra.pro онлайн режимде үш турда өтеді:
1 тур – “Әуу, баста!”(командалық есеп);
2 тур- “Асық” (командалық есеп);
3 тур – “Математикалық бәйге” (ауызша жеке есеп).
Турнир тапсырмалары математикалық логикада құрылады, қалай дұрыс пікір айтуды, дұрыс тұжырым жасауды және дұрыс пікірлерді алуды үйретеді.
Қазылар алқасының жұмысы Алматы қаласындағы Республикалық физика-математика мектебінің базасында жүргізілетін болады.
Командалық және жеке сынақтағы жеңімпаздар мен жүлдегерлер ҚР БҒМ «Дарын» РҒПО-ның I, II, III дәрежелі дипломдарымен және бағалы сыйлықтарымен марапатталады. Ең көп ұпай жинаған жеңімпаз Команда Гран – при дипломымен марапатталады. Турнир қатысушыларының сертификаттары, жеңімпаздар мен жүлдегерлердің дипломдары www.daryn.kz сайтына жүктелетін болады.
Турнирдің ашылу салтанаты 15 маусымда сағат 15.00-де онлайн режимде ZOOM платформасының көмегімен өтеді.