Қазақстан құрама командасының Географиядан 17-ші Халықаралық олимпиадасындағы (IGeO) көрсеткен нәтижелері туралы БАСПАСӨЗ РЕЛИЗІ

Қазақстанның ұлттық құрама командасы 2021 жылғы 10-16 тамыз аралығында Түркияның Ыстанбұл қаласында онлайн форматта ұйымдастырылған 17-ші Географиядан халықаралық олимпиадаға (бұдан әрі – IGeO) қатысып, нәтижесінде 1 алтын, 1 күміс және 1 қола медальдарын қанжығаларына еншіледі.

Құрама командамыздың нәтижелері төмендегідей:

АЛТЫН МЕДАЛЬ | Валеев Рустам – Ақтөбе қ. физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12 сынып оқушысы;
КҮМІС МЕДАЛЬ | Тазабек Еркебұлан – Шымкент қ. химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 10 сынып оқушысы;
ҚОЛА МЕДАЛЬ | Сапарбеков Ерасыл – Қызылорда қ. облыстық дарынды балаларға арналған №9 «Білім-инновация» лицей-интернатының 10 сынып оқушысы.
ҚАТЫСУШЫ | Мұқанов Бейхан – Ақтөбе қ. дарынды балаларға арналған «Білім- инновация» лицей – интернатының 10 сынып оқушысы;

Құрама команда жаттықтырушылары:

Нюсупова Гульнара Нурмухамедовна – геогр.ғ.д., әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің профессоры;
Калимурзина Айсулу Мусаевна – PhD, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің доценті м.а.

IGeO 1996 жылдан бері Халықаралық географиялық одақтың (IGU) қамқорлығымен өткізіліп келеді. Алғаш рет өз бастауын Гаага қаласынан алған IGeO, жыл сайын әлемнің әр елінде өткізіліп келеді. Бұл ғылымға қызығушылық танытатын ұл-қыздардың ұмтылыстары жыл сайын артуда.
IGeO-ға қатысқалы бері Қазақстан құрамасының қоржынындағы тұңғыш жүлде – қола медальді 2017 жылы Сербияның астанасы Белград қаласында Нұрмағамбет Данат еншілеген болатын.

Пікірнама:

IGeO-2021 алтын жүлдегері Валеев Рустам:

«Мен биыл Ақтөбе қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 12 сыныбын аяқтадым. Әзірге ешқандай жоғары оқу орнына түспедім..
Соңғы бір жарым-екі жыл арасында мен олимпиадаға негізінен өзім дайындалдым, бірақ IGeO-дан осы жылға дейін Қазақстанның тұңғыш әрі жалғыз жүлдегері саналып келген Данат Нұрмағамбетке ерекше алғысымды білдіргім келеді. Өйткені егер оның ақыл-кеңестері мен бөсікен тәжірибесі болмағанда, жеңіске бұлай қол жеткізуге болатындығын еш ойламас едім. Сонымен қатар, әрине, өзім оқыған мектепте 10 сыныпта олимпиадаға дайындықтарымды бастаған кезде маған көмектескен алғашқы мұғалімім – Нұрманова Мөлдір Қайыржанқызына, сондай-ақ мені жігерлендіріп қолпаштаған өзім сияқты өзге олимпиадашы достарға да алғысымды білдіремін.
Дәл осы сәтте әрине өте керемет әсерлі сезімде тұрмын, тіпті өзіме сене алар емеспін. Карантиндік шектеулер мен өткен жылғы олимпиаданың өткізілмей қалуы сияқты басқа да кедергілерге қарамастан осы жылғы олимпиаданың мен үшін бірінші және соңғы мүмкіндігім болғандығын жақсы түсінем. Алайда барлығы ойдағыдай болғанына әлі де сене алар емес күйдемін».

IGeO-2021 күміс жүлдегері Тазабек Еркебұлан:
«Біріншіден, осы жетістіктерімізге қол жеткізуге негіз болған біздерге сенім артқат жаттықтырушылар мен мұғалімдеріміздің сіңірген еңбегі, сондай-ақ командалық жұмысымыздың нәтижесі деп білемін. Тапсырмалардың көпшілігі өте қиын болды, бірақ біздің жаттықтырушы Данат Нұрмағанбеттің бізбен бөліскен тәжірибенің арқасында оларды шешу бізге әлдеқайда жеңіл болды».
IGeO-2021 қола жүлдегері Сапарбеков Ерасыл:
«Жаксы нәтиженің себебі үздіксіз әрі бар күшті салып дайындалу деп білемін, тек қана «жол болу» емес дайындықтың да керек екенін айтқым келеді. Тапсырмалар әдеттегі республикалық және облыстық олимпиадалардан ерекше болды. Сұрақтар тек қана білім емес ойлау дәрежесіне де байланысты жүрді. Мен бұрын көрген олимпиадаларда тапсырмалар белгілі жауабымен (фактілер) болатын болса, халықаралық олимпиада тапсырмалары оқушының өз білімін қолдану тәсіліне де қарайды екен».
Жаттықтырушылар өз кезегінде биыл ұлттық құрамаға географиядан Eуропалық (EGeO) олимпиаcында жүлде алған оқушылардың болуы, осы жылғы IGeO-2021-де жүлде алу мүмкіндігіміздің әлеуетінің артуына бірден-бір себеп болғанын атап өтті.

Тарихи анықтама:

Нұрмағамбет Данат Мұратұлы – IGeO-2017 халықаралық география олимпиадасында қола жүлдегер атанған тұнғыш Қазақстандық олимпиадашы. Қостанай облысының Лисаков қаласы жалпы орта мектебінің түлегі.

2016-2017 жылдардағы География пәні бойынша республикалық олимпиадалардың алтын медаль иегері. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Халықаралық қатынастар факультетінің түлегі.

Өзінің жас болғанына қарамастан, Данат бос уақытында мектеп оқушыларын география пәнінен халықаралық олимпиадаларға жаттықтырып, өз тәжірибесімен бөлісіп жүр. Сонымен қатар Назарбаев Зияткерлік Мектептерінің 2020-2021 жж. желілік олимпиадалары мен «Дарын» РҒПО ұйымдастырған 2021 жылғы географиядан республикалық олимпиадада әділқазылар алқасында мүшелік еткенін де естеріңізге саламыз.

=========
Байланыс:
мекенжай: Нұр-Сұлтан қ., Республика даңғ., 34а
телефон: 8 (7172) 29-52-66
e-mail: media@daryn.kz