РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ОЛИМПИАДА БОЙЫНША СЕМИНАР-КЕҢЕС

Ағымдағы оқу жылында жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданы өткізу және ұйымдастыру тәртібі қандай? Зияткерлік іс-шараның техникалық және медиа сүйемелдеуіне не кіреді? Оқушыларды қандай жаңашылдықтар күтіп тұр? Осы және өзге де сұрақтар өңірлік «Дарын» орталықтары өкілдерінің қатысуымен өткен семинар-кеңесінде сөз болды.

Іс-шараға ҚР оқу-ағарту министрлігі Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы Гүлмира Кәрімова да қатысты. Ол халықаралық олимпиада жүлдегерлерін ынталандыру, ауылдың дарынды балаларын қолдау, мектептерге академиялық дербестік беру бойынша министрлік тарапынан атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.

Семинарда республикалық олимпиадаға қатысушыларды күтіп тұрған бірқатар жаңашылдықтар талқыланды. Атап айтсақ, 2022-2023 оқу жылында республикалық олимпиада 2-4, 5-6, 7-8, 9-11 (12) сынып оқушылары үшін өткізілмек. Зияткерлік іс-шараларды ұйымдастыру кезінде тапсырмаларды сайт арқылы автоматты түрде жеткізу, жауап бланкілерін сканерлеу, тапсырмаларды цифрлық таңбалау, қатысушылардың жұмыстарын электронды шифрлау, олимпиаданың барысын видео-хостинг арқылы трансляциялау, практикалық турларда виртуалды зертханалар тәрізді ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мен жаңа тәсілдер қолданылатын болады.

Республикалық олимпиаданың аудандық кезеңін 2022 жылғы 6-7 желтоқсан аралығында, ал облыстық кезеңді 2023 жылғы 4-6 қаңтар аралығында өткізу жоспарлануда.

Олимпиаданың қорытынды кезеңінде жақсы білім көрсету мақсатында неғұрлым сапалы іріктеу үшін олимпиадалық резервтің өңірлік оқу-жаттығу жиындарын өткізу жоспарлануда.

Сондай-ақ, облыстық олимпиада қорытындысы бойынша жалпы білім беретін мектептер және инновациялық, әрі мамандандырылған білім беру ұйымдару үшін жекелеген рейтингтер жасалынбақ.

 «Дарын» РҒПО жауапты қызметкерлерінің әр баяндамасынан кейін семинарға қатысушылар республикалық олимпиада бойынша қызықтырған сұрақтарын қойып, толық жауаптар алды.

Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиада пәндерінің тізбесі.