Президенттік олимпиаданың екі туры аяқталды

Бүгін жаратылыстану-математикалық цикл пәндері бойынша Президенттік олимпиаданың республикалық кезеңінің екі негізгі туры аяқталды. Екі күн бойы Қазақстанның барлық өңірлерінен 191 оқушы өзара мықтыны анықтады. Зияткерлік жарыстар Академик Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің базасында өтті.

Биыл Президенттік олимпиадаға 15 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде оған республикалық және халықаралық пәндік олимпиадаларға бұрын қатыспаған 35 мыңнан астам 11 (12) сынып оқушысы қатысып, 500-ден астамы жүлдегер атанған.

Айта кетейік, Олимпиаданың бірінші кезеңіне 3 мыңға жуық оқушы қатысты. Олардың барлығы математика, биология, химия және физика пәндері бойынша білімдерін таразылады.

Ертең Олимпиаданың жабылу салтанатында жеңімпаздар мен жүлдегерлер республиканың жоғары оқу орындарында оқу үшін білім беру гранттарын алу конкурсына қатысу кезінде басым құқық беретін ҚР Оқу-ағарту министрлігінің I, II және III дәрежелі дипломдарымен марапатталады. Сондай-ақ жеңімпаздарға Қазақстан-Британ техникалық университеті (9) және Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті (5) сияқты жоғары оқу орындарында оқуға гранттар беріледі.