ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ОҚУШЫЛАР БИОЛОГИЯДАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ОЛИМПИАДАДА ТӨРТ МЕДАЛЬ ЖЕҢІП АЛДЫ

Бүгін Эль-Айн қаласында (БАӘ) аяқталған биология пәнінен 34-ші халықаралық олимпиадада қазақстандық оқушылар екі «күміс» және екі «қола» медаль жеңіп алды.

IBO – 15 пен 21 жас аралығындағы мектеп оқушыларына арналған ғылыми жарыс, ол 1990 жылдан бастап өткізіліп келеді. Жарысқа әлемнің 79 елінен 316 оқушы қатысты. Қазақстан құрама командасының қатарында Астана және Алматы қалаларының 4 оқушысы қатысты. Осылайша, олардың барлығы беделді олимпиаданың жүлдегерлері атанды.

«Медальдар қоржынын екі күміс жүлдемен Омар Дінмұхаммед пен Бақдәулет Ерназаров толықтырды. Ал, қола медальдарды Ғалымжан Бақтыбай мен Ислам Амангелді салды», – дейді «Дарын» РҒПО зияткерлік іс-шараларды ұйымдастыру және халықаралық ынтымақтастық бөлімінің әдіскері Гүлсара Мұқаш.

Олимпиада жеңімпаздарын тамаша нәтижелерімен құттықтаймыз!

Халықаралық комитеттің шешімімен биология бойынша 35-ші Халықаралық олимпиаданың (IBO-2024) ұйымдастырушы еліміз таңдалғанын еске салғымыз келеді. Қазақстан бұл олимпиаданы алғаш рет өткізеді.