Физика пәні бойынша Қазақстанның ұлттық құрама командасы халықаралық олимпиадаға (IPhO-2023) қатысуда.
Оқушылар өз білімдерін екі турда көрсетеді. Біріншісі орта мектепте оқытылатын физиканың кемінде төрт бөлімін қамтитын теориялық мәселелерді шешуге арналған.
Екіншісі – эксперименттік, онда қатысушылар зертханалық жұмыстарды орындайды. Қорытындылар жеке есепте шығарылады.
53-ші олимпиада Жапонияның Токио қаласында үстіміздегі жылдың 10-17 шілде аралығында 83 мемлекеттің 415 оқушысы арасында өткізілуде.
Қазақстанның ұлттық командасы 5 қатысушыдан құралды.
Олар:
- Ерсултан Пітебай – Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12 сынып оқушысы;
- Даир Нуртаев – Павлодар қаласының дарынды балаларға арналған № 8 лицей-мектебінің 11 сынып оқушысы;
- Маргулан Нурсагатов – Алматы қаласының №165 мамандандырылған лицейінің 10 сынып оқушысы;
- Алишер Еркебаев – Ақтөбе қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12 сынып оқушысы;
- Досжан Бисимби – Алматы қаласының «Мирас» халықаралық мектебінің 11 сынып оқушысы.
Құрама команданың жетекшілері болып, PhD докторы, Сүлейман Демирел университетінің доценті Самат Максутов және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің докторанты Андрей Сидоренко тағайындалды.
Айта кетсек, Физикадан халықаралық олимпиада алғаш рет 1967 жылы Варшавада (Польша) өтті. Қазақстан алғаш рет 1997 жылы Канадада өткен 28-ші олимпиадада қатысып, 2 құрмет грамотасымен марапатталған еді. Сол кезден бері ұлттық құрама командамыз 108 жүлде алды, олардың 14-і алтын, 41-і күміс, 28-і қола медалдар мен 25 құрмет грамотасы.
Біздің құрама командаға сәттілік тілейміз және олардың табысқа жететініне сенеміз!