ДАРЫНДЫЛАРДЫҢ МЕДАЛЬДАР ҚОРЖЫНЫ ТАҒЫ ДА АЛТЫ ЖҮЛДЕМЕН ТОЛЫҚТЫ

Қазақстанның құрама командасы 64-ші Халықаралық математикалық олимпиадада (IMO-2023) екі күміс және төрт қола медаль жеңіп алды.

Зияткерлік іс-шара Тиба қаласында (Жапония) 5-13 шілде аралығында өткізілді. 2023 жылғы IMO-ға әлемнің 112 елінен 617 оқушы қатысты. Қазақстан құрама командасының барлық алты мүшесі жүлделі орындарды жеңіп алып, әлемдік есепте 21-орынға ие болды.

Алматы қаласының РФММ оқушылары Мирон Юркевич пен Райымбек Байшуақ күмістен медаль тағынды.

Қола жүлде иегерлері:

Жан Даутов – Қостанай облыстық «Білім-инновация» лицей-интернатының 10 сынып оқушысы;

Батырхан Сакенов – Алматы қаласындағы Haileybury Almaty халықаралық мектебінің 12 сынып оқушысы;

Владимир Роговский – Павлодар қаласының №8 мектеп-лицейінің 10 сынып оқушысы;

Марғұлан Шарел – Жамбыл облыстық «Білім-инновация» лицей- интернатының 10 сынып оқушысы.

«Біздің ұлттық құраманың математика пәнінен халықаралық олимпиадада қол жеткізген нәтижелері ерекше ілтипатқа тұрарлық. Қазақстандық оқушылар қатысқан жылдары 16 алтын, 44 күміс, 75 қола медаль және 28 мақтау қағазын жеңіп алды. Дәл осындай олимпиадалардың жүлдегерлеріне отандық ЖОО-на конкурстан тыс негізде оқуға мүмкіндіктер қарастырылған. Сонымен қатар, жеңімпаздар мен жарысқа дайындаған ұстаздарына бір реттік ақшалай сыйлық беріледі», – деп «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Ғаждембек Тұрсынов атап өтті.

Біз барлық жеңімпаздарды мақсаттарға жетудегі күш-жігері мен табандылығы үшін, тәлімгерлерін күнделікті жұмысы мен жоғары кәсібилігі үшін құттықтаймыз және алғыс айтамыз.

Құрметті оқушылар, ұстаздар және жаттықтырушылар сіздерді жаңа жеңістеріңізбен құттықтаймыз! Осындай жетістіктер табандылық пен қажырлы еңбектің нәтижесі екені анық. Сіздерге жаңа жетістіктер тілейміз!