Биыл республикалық тамыз кеңесі алғаш рет жаңа форматта өткізіліп отыр. Тамыз кеңесінің жаңашылдығы – бұл еліміздің барлық 20 өңірінде тақырыптық бағыттар бойынша ұйымдастырылуда. Оның ішінде Ұлытау облысына «Дарынды балалар – ұлт мақтанышы» тақырыбы бекітілген.
Үш жүздің басы қосылған қастерлі өлкеде дарынды балалар туралы тақырыптың қозғалуы да тектен – тек емес.
Білім берудің ұлттық моделін қалыптастырудың басым бағыттарының бірі – мемлекеттік, экономика, ғылым, мәдениет, өнер салаларында негізгі қызметтерді атқаруға қабілетті интеллектуалды жас элита даярлау.
Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның дарынды оқушылары әлемдік деңгейдегі ең беделді пән олимпиадаларында 2581 алтын, 3942 күміс, 5799 қола, барлығы 12 322 медаль жеңіп алды. Соңғы жылдары қазақстандық оқушылар әлемдік интеллект нарығында өздерінің бәсекеге қабілеттілігін дәлелдеп келеді. Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі дарынды балаларды қолдауда жалпыұлттық жүйеміздің шешуші буынына айналып, республиканың барлық аймақтарына бағыт-бағдар беріп отыр.
Осы орайда, 25 тамызда Халықтар достығы мен мәдениет үйінде білім саласы қызметкерлерінің республикалық тамыз кеңесі аясында «Дарынды балалар – ұлт мақтанышы» тақырыбында бірыңғай республикалық панельдік сессиясы өтті.
Республикалық сессия отырысына Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің мүшелері, Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы, депутаттар, Ұлттық құрылтай өкілдері, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту және Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрліктерінің өкілдері, республикамыздың әр өңірінен келген білім қызметкерлері, аудандар мен қала әкiмдерi, облыстық құқық қорғау органдары мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, департаменттердің басшылары, кәсіподақ ұйымының өкілдері, дарынды балалармен жұмыс жасайтын 20 өңірдің білім саласының мамандары, қоғам белсенділері, білім саласының ардагерлері, салалық кәсіподақ мүшелері, педагогтер, білім беру ұйымдарының басшылары, балалар құқығын қорғау жөніндегі аймақтардың өкілдері, ғалымдар, үкіметтік емес ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының, ата-аналар қоғамдастықтарының өкілдері қатысты. Қатысушылардың жалпы саны – 500 адам.
Бірыңғай сессия отырысы басталмас бұрын кеңеске қатысушылар ұйымдастырылған көрмемен танысып, тамашалады.
Одан кейін панельдік сессияның ресми бөлімі онлайн тәртібінде Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту Министрі Ғани Бектайұлы Бисембаевтың құттықтау сөзімен басталып, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Аида Ғалымқызы Балаева мен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Босымбекқызы Дүйсенованың қатысуымен өтті.
Бірыңғай республикалық панельдік сессия әрі қарай облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлының қатысуымен өткен өңірлік тақырыптық алаң жұмысымен жалғасты.
Тақырыптық алаң елімізде дарынды балаларды сүйемелдеудің психологиялық құралы, дарындылықты дамыту бойынша аймақтарда атқарылып жатқан жұмыстар, лагерьлерде жазғы демалыс кезінде оқушының жан – жақты қабілеттерін дамытуды ұйымдастыру, оқушыларды олимпиадаларға дайындау моделі, Абай құндылықтары негізінде дарынды оқушыны тәрбиелеу, оқушыларды зерттеу қызметіне бағыттау, ғылыми жобаға баулу, дарынды оқушының моделі, мектеп-отбасы-қоғамның байланысы мәселелерін талқылау мақсатында ұйымдастырылды.
Панельдік сессияның өңірлік тақырыптық алаңы Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету Комитеті төрағасының орынбасары Сүлейменова Гүлназ Төрәліқызының «Дарынды балалармен жұмыс: жетістіктер, мәселелер, шешу жолдары»тақырыбындағы баяндамасымен басталды.
Одан кейін PhD докторы, тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының академигі Сатанов Арыстан Болатұлы «Дарынды және ынталы білім алушыларды сүйемелдеудің кешенді бағдарламасын әзірлеу», Павлодар облысы, «Ертіс Дарыны» аймақтық орталығы директорының орынбасары Сұрағанова Айсұлу Ұзақбайқызы «Бала дарындылығын дамыту-оқыту сапасын арттыру факторы», Шығыс-Қазақстан облысы «Дарын» орталығы директорының орынбасары Елемесова Гүлжан Әмірқызы «Таулы Үлбідегі «Дарын» базасында дарынды оқушылармен жұмысты ұйымдастыру ерекшеліктері», Абай атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернаты» РММ директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Гүлжазира Бекболатқызы «Абай құндылықтары негізінде дарынды оқушы тәрбиелеу», Қарағанды облысы «Мұрагер» мамандандырылған лицей-интернатының математика мұғалімі, «Дарынды балаларға – талантты ұстаз» конкурсының жеңімпазы Еділбай Айтөре Алтынбекұлы «Мамандандырылған мектептегі дарынды оқушының моделі», Ақтөбе облысы, М.Құсайынов атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатының тарих пәні мұғалімі Смадияр Күнімайгүл Смадиярқызы «Ғылыми-зерттеу жұмысының маңызы: құндылық, ізденіс, нәтиже», Қазақстанның ұлттық құрама командасының тренері, «Білім-Инновация» халықаралық қоғамдық қорының әдіскері Сакимов Ілияс Қабиденұлын «Құндылықтар негізінде пәндік олимпиадаларға дайындау моделі туралы», Жезқазған қаласындағыАбай атындағы мамандырылған мектеп-интернатының ата-анасы Арынғазин Данияр Манатжанұлына «Ұрпақ тәрбиесі: ата-ана мен мектептің қарым-қатынасы»тақырыптарында сөз сөйледі.
Сессия соңында кері байланыс жасалынып, Тамыз кеңесінің қарары қабылданды.
Ұйымдастыру комитеті