Абай атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернатында 2023 жылдың 20-21 қараша күндері ұйымдастырылып жатқан V Республикалық «Ділмар» шешендік өнер байқауының бірінші күні сәтті аяқталды. Оқушыларға сөз өнерінің ерекшелігі мен жүйелі сөз саптау шарттарын меңгертіп, сауатты әрі жатық сөйлеу дағдысын қалыптастырып, мемлекеттік тілді қолданудың жаңа деңгейге көтерумен қатар, ұлттық тәрбие беру мақсататында ұйымдастырылып жатқан шешендік өнер байқауына биыл еліміздің әр аймағынан, оның ішінде 3 мемлекеттік маңызы бар қалалары (Алматы, Астана, Шымкент), сонымен қатар Республикалық білім беру ұйымдарынан 24 оқушы қатысып, бақтарын сынайды.
Байқаудың алғашқы күнінде қатысушылар мен жетекшілерге арнайы семинар ұйымдастырылып, журналист, шешендік сөз өнері пәнінің мұғалімі Жарқын Сәленұлы ««Ділмәрлар» дүбірі. Ділмар үйірмесі мүшелерінің қонақтарға тартуы», Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі Негимов Серік Нығметоллаұлы «Шешен сөйлеу – рухани өрлеудің айғағы» тақырыптарында сөз алса, Абай мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері «Үздік педагог-2022», PhD Малик Майра Маликқызы «Абай шығармаларын оқыту барысында «Арт-терапия» әдісін қолдану және зертханалық жұмыс жүргізу», Тұрлыбай Айша Нұрболатқызы ««Abai daryny» подкасты: оқушы үні, дарындылардағы даралық», Тілеуберді Қизат «Кітап оқыту арқылы оқушылардың құзыреттілігін арттыру» тақырыптарында тың идеялармен бөлісіп, оқушылар мен қонақтарға пайдалы ақпарат таратты.
Байқаудың шешуші сәті, жас шешендердің сынға түсер додасы 21 қараша күні байқау бағдарламасы бойынша жүзеге асады. Байқау жеңімпаздарына жалпы қоры 710 мың теңгені құрайтын қаржылай жүлделер табысталып, «Бас жүлде», «І,ІІ,ІІІ дәрежелі» дипломдармен марапатталатын болады.
Басты бет » Оқушыларға арналған жаңалықтар » V Республикалық «Ділмар» шешендік өнер байқауының бірінші күні өз мәресіне жетті.